Психиатр: Қатігез ата-ана – жаман адам емес, көмекке мұқтаж адам
Аналардың өз туған баласын аяусыз сабап, зорлық көрсетуінің артында терең күйзеліс, өзінің бала кезде алған жан жарасы немесе эмоциясын басқара алмау сияқты күрделі психологиялық себептер жатады. Психиатрдың айтуынша, мұндай жағдайларға қоғамдағы қысым да әсер етеді.
Астана, NEGE. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде балаларға зорлық көрсеткен ата-аналар туралы хабарлар жиілеп кетті. Жақында Алматыда екі баласын үтікпен күйдірген әйел мен Жетісу облысында баласын батареяға байлап, сабаған ананың ісі қоғамда үлкен дүрбелең тудырды. Бұл жағдайлар қоғамды бейжай қалдырмай, көпшіліктің алаңдаушылығын күшейтіп отыр.
Қатыгез ата-аналардың психологиясы қандай, оларды мұндай әрекеттерге не итермелейді, мұның алдын алуға бола ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Nege.kz тілшісі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы филиалының дәрігер-психиатры Асанәлі Сушеновпен сұхбаттасты.
– Қазір ата-аналардың, соның ішінде аналардың өз балаларын қинап, зорлық көрсеткен жағдайлары жиі айтылып жүр. Мысалы, анасы баласын батареяға байлап, ұрған. Мұны жекелеген жағдайлар деуге бола ма, әлде қоғамда қатыгездік күшейіп бара жатыр ма?
– Бұл мәселені екі тұрғыдан қарастыру керек. Біріншіден, қазір адамдар қатты күйзеліске түсіп жүр. Экономикалық қиындықтар, ақша тапшылығы, баспана мәселесі, тұрмыстық проблемалар, жалғыздық, қолдаудың аздығы адамның психологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Әсіресе әйелдерге артылатын жауапкершілік көп. Олар бір мезетте жұмыс істейді, үй шаруасын атқарады, бала тәрбиелейді. Осынша міндетті жалғыз арқалау үлкен психологиялық салмақ түсіреді. Көмектесетін немесе түсінетін адамның болмауы адамның ашуын күшейтеді. Ал қолдау көрмеген адам жиналған күйзелісті агрессия арқылы шығарады.
Екіншіден, мұндай жағдайлар бұрын да болған. Бірақ ол кезде көп жағдайда жасырын қалатын. Қазір әлеуметтік желілердің, смартфон камераларының арқасында бәрі ашық жарияланады. Сондықтан қатыгездік артты деуден гөрі, мұндай жағдайлар көпшілікке жиі жетіп жатыр деуге болады.
– Ата-аналар не себепті балаларын қатты соққыға жығады? Бұған өздерінің бала кезінде көрген зорлығы әсер ете ме, әлде психологиялық ауытқулардың салдары ма?
– Иә, бұған әсер ететін негізгі себептердің бірі – адамның балалық шағында алған жан жарасы. Көп ата-ана «мен де солай өстім», «біз де таяқ жеп өстік» деп айтады. Олар үшін бұл қалыпты дүние секілді. Себебі адам бала кезінде қандай ортада өссе, соны дұрыс деп қабылдайды. Кейін өзі ата-ана болғанда, сол көргенін еріксіз қайталайды. Өз тәжірибемде бала кезінде ата-анасы ішімдік ішіп, ұрып-соққанын айтатын пациенттер өте көп. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кең таралған.
Екінші себеп – эмоцияны басқара алмау. Адам қатты ашуланғанда, өзін шарасыз сезінгенде немесе ұзақ уақыт күйзелісте жүргенде өзін ұстай алмай қалады. Сол кезде ашуын баладан алады. Мұны депрессиямен шатастыруға болмайды. Бұл адамның ашуын дұрыс жолмен шығара алмауынан туындайды.
Үшіншіден, кейбір жағдайда ата-ананың психикалық денсаулығындағы қиындықтар да әсер етеді. Мысалы, ұзақ уақыт күйзеліске түсу адамның күшін азайтып, сабырын тауысады. Ал мінез-құлқында ауытқуы бар адамдарға өз эмоциясын бақылау тіпті қиын. Олар кейде не істеп жатқанын толық аңғармай, шектен шығып кетуі мүмкін.
Сонымен бірге ішімдікке немесе есірткіге тәуелділік те жағдайды ушықтырады. Мұндай ата-аналар көбіне өз әрекетіне есеп бермейді. Мас күйінде немесе есірткінің әсерімен баласына ауыр сөз айтып, қол көтеріп қоюы жиі кездеседі.
– Мұндай әрекеттер босанғаннан кейінгі депрессиямен байланысты болуы мүмкін бе? Егер солай болса, бұл жағдай қанша уақытқа созылады?
– Иә, мұндай әрекеттердің босанғаннан кейінгі депрессиямен байланысы болуы әбден мүмкін. Бірақ кез келген жағдайды бірден депрессиямен байланыстыра беруге болмайды. Әрбір оқиға жеке қарастырылуы тиіс.
Жалпы депрессияның негізгі үш белгісі бар. Біріншісі – адамның көңіл күйінің ұзақ уақыт бойы болмауы, яғни үнемі мұңайып жүруі. Екіншісі – ойлау қабілетінің төмендеуі. Зейін қою қиындайды, тез шаршайды, шешім қабылдау ауырлай түседі. Үшіншісі – физикалық белсенділіктің азаюы, бұрын қуана істейтін істеріне қызығушылығы жоғалады.
Егер осы белгілердің кемінде екеуі екі аптадан артық уақыт сақталса, бұл шынымен депрессиялық бұзылыс болуы мүмкін.
Босанғаннан кейінгі депрессия кейбір әйелдерде бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Ал психозға ұласқан жағдайда адам айналасында болып жатқанды дұрыс қабылдай алмайды. Ол шынайылықтан алыстап, сыртқы ортамен байланысы әлсірейді. Мұндай кезде адам одан күтпеген, тіпті қауіпті қадамдарға баруы мүмкін.
Ашу-ыза сияқты теріс эмоциялардың бәрін депрессиямен байланыстыру дұрыс емес. Көп жағдайда бұл адамның өз эмоциясын басқара алмауынан туындайды. Сондықтан мұндай жағдайды бір ғана диагнозбен түсіндіру қате. Бұл бірнеше себеп қатар әсер ететін күрделі мәселе.
– Қоғамда «бала туу керек» деген талап бар, бірақ ата-ананы соған дайындау жағы әлсіз. Мұның да әсері бар ма?
– Әрине, әсері бар. Ата-ана болуға дайындық өте маңызды, бірақ көп жағдайда оған мән берілмейді. Қоғамда ата-аналарға үлкен қысым жасалады. «Үйлендің бе, енді бала керек», «қашан немере сүйеміз?» деген сөздер жиі айтылады. Соның салдарынан бала сүю міндет сияқты қабылданады. Ал баланы тәрбиелеуге, оған психологиялық тұрғыдан дайын болуға назар аударатындар аз.
Сондықтан, көп жағдайда адамдар өз ата-анасынан көрген тәрбиені қаламаса да, еріксіз қайталайды. Ал ол тәрбие әрдайым дұрыс бола бермейді. Себебі бұрынғы буын тәрбиесінде күш көрсету, қорқыту, қысым жасау қалыпты нәрсе саналған. Ал қазіргі заман басқа талап қояды. Сондықтан «бұрын біз де солай өстік» деген үйреншікті ойдан арылған жөн.
Ата-ана болу – туа бітетін қасиет емес, үйренуді қажет ететін жауапты міндет. Егер адам бұған дайын болмаса, психологиялық тұрғыдан қалыптаспаса, мұндай жағдайда тәрбиелеуден гөрі бақылау, тыйым салу, қатаңдық басым болады. Демек, мәселе баланы дүниеге әкелуде емес, сол балаға саналы түрде ата-ана бола білуде. Ал бұл ұзақ процесс.
– Бұрын баланы ұру қалыпты нәрсе сияқты қабылданды. Қазір физикалық жазадан бас тарту үрдісі бар. Дегенмен тұрмыста түрлі жағдай болады. Жалпы баланы ұруға бола ма? Бір рет шапалақ беру дұрыс па?
– Зерттеулерге сүйенсек, физикалық жаза баланы тәртіпке емес, қорқынышқа үйретеді. Бала ережені түсінгендіктен емес, жазадан қорыққандықтан орындайды. Сырт көзге тәртіпті болып көрінуі мүмкін, бірақ ішкі дүниесінде үрей мен сенімсіздік қалыптасады. Мұндай тәрбие баланың мінезіне де әсер етеді. Ол ашу мен агрессияны қалыпты нәрсе деп қабылдауы мүмкін, өзіне деген сенімі төмендейді, үлкендерге деген сенім азаяды. Кейбір балалар шындықты айтуға қорқып, жазадан қашудың жолын іздейді. Соның салдарынан оның бойында жасыру, жалтару, өтірік айту сияқты мінез қалыптасады.
«Бір рет қана шапалақ беру» де баланың психологиясы үшін зиян. Бала үшін ата-ана қорған, тірек, қауіпсіздік көзі болып саналады. Егер сол ең жақын адамынан соққы көрсе, «Мені ең жақын адамым да ренжітуі мүмкін» деген ой қалыптасады. Бұл кейін оның адамдармен қарым-қатынасына, өзін ұстауына әсер етуі мүмкін. Сондықтан тәртіпті күшпен емес, түсіндіру арқылы қалыптастырған дұрыс.
– Бала қатты жылап, ашуланғанда ата-ана не істеуі керек?
– Көп жағдайда үлкендер баланың айқайына айқаймен, ашумен жауап береді. Бірақ бұл жағдайды одан әрі ушықтырады. Екі жақ та сабырсыз болса, мәселе шешілмейді. Сондықтан ата-ана ең алдымен өз-өзін сабырға шақыруы керек. Терең тыныс алып, ішіңнен «қазір сабыр сақтауым керек» деп айту пайдалы. Ата-ана тынышталған сайын бала да біртіндеп басылады.
Балаға «жылама», «тыныштал» деп бұйырудың орнына оның сезімін мойындау маңызды. Мысалы, «сен қазір қатты ашуланып тұрсың», «мен сені түсініп тұрмын, қасыңдамын» деп айту баланы тыныштандырады. Осылайша ол өзін жалғыз сезінбейді.
Егер ата-ана ашуын ұстай алмайтынын сезсе, уақытша баладан алыстап, өзіне келіп алғаны дұрыс. Бұл баланы тастап кету емес, жағдайды ушықтырмаудың жолы. Ең бастысы баланың эмоциясын басып тастау емес, оны дұрыс шығаруға көмектесу.
Баланың қатты жылауы немесе ашулануы әдейі жасалған еркелік емес. Бұл – әлі басқара алмай жүрген эмоциясының сыртқа шығуы. Баланың жүйке жүйесі толық қалыптаспаған, сондықтан ол сезімін сөзбен жеткізе алмайды.
– Баласын ұрысқаннан немесе қол көтергеннен кейін ата-ананы ұят пен өкініш мазаласа, бұл не білдіреді және не істеу керек?
– Мұндай сезімнің пайда болуы жаман белгі емес, керісінше жақсы нышан. Бұл ата-ананың өз әрекетіне сын көзбен қарай алатынын, қателігін түсінгенін көрсетеді. Ең бастысы осы сезімнен қашпай, дұрыс қорытынды шығара білу.
Бірінші қадам – баладан кешірім сұрау. Көп ата-ана мұны әлсіздік деп ойлайды немесе орынсыз көреді. Бірақ шын мәнінде кешірім сұрау ата-ананың беделін түсірмейді. Керісінше, баланың оған деген сенімін күшейтеді. Бала өзін тыңдайтынын, сезімі маңызды екенін түсінеді. Бұл оның психологиясы үшін өте маңызды.
Екіншіден, өзіңізді жек көріп, өзіңізді жазалауға жол бермеңіз. Бірақ болған жағдай үшін жауапкершілікті мойындау қажет. «Мен қателестім, енді мұны қайталамау үшін не істей аламын?» деген сұрақ қою маңызды.
Үшіншіден, егер ата-ана өз-өзін ұстай алмаса, психологқа немесе психотерапевтке жүгінгені дұрыс. Бұл әлсіздік емес. Жалпы психологиялық қиындықтары бар адам автоматты түрде жаман ата-ана болып кетпейді. Ішкі күйзелісі бар адам жаман ата-ана деген сөз емес. Бұл оған көмек қажет екенін ғана білдіреді.
Үлкендер тұрмыстық және отбасылық қиындықтардан қажып кетпес үшін өзіне де уақыт бөле білуі керек.
Еске салайық, Қазақстанда балаларға қатысты күш қолдануға қатаң тыйым салынған. Кәмелет жасқа толмаған балаларды белдік, аяқ киіммен немесе басқа да заттармен ұру қылмыстық жауапкершілікке жатады. Мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы бойынша қаралады.
Заң талаптарына сай, кінәлі адам 30 күннен 50 күнге дейін қамауға алынуы немесе айыппұл төлеуі мүмкін. Биылдан бастап айыппұл мөлшері 432 500 теңгеден 865 000 теңгеге дейін ұлғайды.