27 ноября 2025 г. 17:59

Прокурор «Қазақтың Робин Гуды» атанған блогерді 6 жылға қамауды сұрады

Фото: instagram.com/qazaq_robin_hood

Бүгін Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында алаяқтық ісі бойынша айыпталған блогер Ілияс Сариев пен оның серіктесі Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот тергеуі аяқталды, – деп хабарлайды NEGE тілшісі. 

Сотта тараптардың жарыссөзі басталды.

Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы сотталушылар Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Сотталушылардың жазасын жеңілдететін мән-жайлар жоқ, ҚК-нің 54-бабына сәйкес ауырлататын мән-жайлар да анықталмады. Сариев Ілияс Серікбайұлын және Дүйсеева Ақтоты Болатқызын ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі, 4-тармағымен кінәлі деп тауып, оларға аталған бап бойынша 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Сонымен қатар, жазасын өтеуді Қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өтеуді сұраймын», – деді прокурор сот жарыссөзінде.

Сонымен қатар прокурор жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын қанағаттандыруды сұрады. Сондай-ақ, жәбірленушілердің пайдасына 20 АЕК мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіруді ұсынды.

Ақтоты Дүйсеева сотта жауап беру кезінде қажыларды Меккеге апаратын MM Travel компаниясының 2023 жылы 16 қаңтарда құрылғанын айтқан болатын. Құжат бойынша компанияның директоры  Ақтоты Дүйсееваның өзі. Ол компанияны айыпталушы Ілияс Сариевпен бірігіп, Алматы қаласында ашқан. Ол жерде екеуінен бөлек ұстаздық қызмет еткендер, гид қызметін көрсеткендер мен менеджерлер жұмыс істеген.

Ақтоты Дүйсееваның айтуынша, оның Kaspi қосымшасын Ілияс Сариев пайдаланып отырған.

«Мен тек Kaspi Pay-мен төлемдерді қабылдап отырдым, Kaspi қосымшасы Сариевте болды. Ол жерде «Шоттар арасында» деген бар. Сол арқылы шоттарды Kaspi Pay-ден немесе депозиттен қолданыстағы шотқа аударуға болады. Нақтысын айтқанда, ақша солай жұмсалып кетті», – деді Ақтоты Дүйсеева.

Ақша қайда жұмсалды? Не себепті жетпей қалды? Бұл сұраққа Ақтоты Дүйсеева: «Оны Сариевтен сұрау керек», – деген жауап қайтарды.

Айтуынша, ол ақшаны Ілияс Сариевтің өзі жұмсаған. Прокурордың нақтылау сұрағына Ақтоты Дүйсеева «ол қаражатты Ілияс Сариев құмар ойынға жұмсады» деп жауап берді. Алғашында оның құмар ойынға ақша тіккенін білмеген, тек кейін Kaspi қосымшасындағы төлемдерді қарап отырып байқаған.

Сотта Дүйсееваның телефонын зерделеу кезінде банк қосымшасының ішінен Ілияс Сариевтің құмар ойындарына бәс тіккен ақшаның сомасы қаралды.

«22 маусым 2024 жылы букмекерлік кеңсеге 600 мың теңге, 400 мың теңге; 25 маусымда 500 мың теңге; 26 маусымда 200 мың теңге; 30 маусымда 500 мың теңге, 300 мың және 150 мың теңге; 1 шілде 180 мың теңге; 14-шілдеде 700 мың теңге аударылған», – деді судья телефондағы төлемдерді зерделеу кезінде.

Бұл мәліметтерге Ілияс Сариевтің адвокаты Э.Кішкенебаева қарсы шықты. Айтуынша, бұл аударымдар 2024 жылы жасалған. Ал істе 2025 жыл айтылады. Десе де, Ақтоты Дүйсеева 2025 жылы осы жағдайға қатысты дауласқаннан кейін құмар ойындарға ақша аударымдары жасалмаған. Бірақ достары арқылы құмар ойындарға бәс тіккен. Сол себепті, 2025 жылға қатысты ақша аударымдары қосымшада жоқ.

Сотталушы Ілияс Сариевтің өзі бұл аударымдарды жоққа шығарды. Яғни, ешқандай құмар ойынға құмартқан емеспін дегенді айтып отыр. Ақшаның қайда кеткенін де білмейтін болып шықты.

Естеріңізге сала кетейік, Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр. Іс бойынша барлығы 26 жәбірленуші бар.