25 февраля 2026 г. 10:38

Проблемалық кредиттер қоры басқармасының бұрынғы төрағасы қамауға алынды

Фото: ҰҚК баспасөз комитеті

ҰҚК мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Қаржы министрлігінің «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы ұсталғанын хабарлады.

Астана, NEGE. Тергеу материалдарына сәйкес, ол жекеменшік иесіне кепіл мүлкін сатудан түскен қаражатты өзіне қалдыруға жол берген. Алайда бұл қаржы қорға аударылуы тиіс болған. Салдарынан мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келтірген.

Бұдан бөлек, ҰҚК мәліметінше, ол мемлекеттік мүлікті төмендетілген құнмен сатқан. Осының салдарынан бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспей қалған.

Сондай-ақ борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары ұсталды. Оларға құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатып, қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірген деген айып тағылып отыр.

Сот санкциясымен олар қамауға алынып, мүліктеріне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.