Prima Nota Fest конкурс-фестивалі үздіктерін анықтады
Зарина Алтынбаеваның Prima Nota Fest IV Республикалық академиялық конкурс-фестивалі қала күніне орай Қазақстанның 12 қаласынан 39 жеткіншекті жинады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар 3 күн бойы классикалық, әлемдік және қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындап, өзара бақ сынады. Байқау Абай атындағы Қазақ Ұлттық академиялық опера және балет театрының қабырғасында өтті.
Қазылар алқасының шешімімен арнайы жүлделердің жеңімпаздары мен иегерлері әр санат бойынша анықталды. Атап айтар болсақ, «Ішекті аспаптар» номинациясы бойынша Інжу САМСАЛИЕВА (Алматы), Томирис ҚАЙРАТҚЫЗЫ (Алматы) бірінші орынды иеленсе, «Академиялық вокал» номинациясында 11-13 және 14-16 жас санаты бойынша Анна ЮДЕНИЧ (Алматы) пен Әмина ШАУТЫБАЙ (Астана), ал «Фортепиано» номинациясы бойынша алматылық Аман ДҮЙСЕКЕЕВ жеңіс тұғырынан көрінді.
Балалар мерекесінің салтанатты қорытындысы үлкен гала-концертпен көрініс тапты. Онда жас виртуоздар мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті, дирижері – Абзал Мұхитдин. Кеш соңында 2023 жылғы Рrima Nota Fest жеңімпаздарының есімдері салтанатты түрде жарияланды.
Кешті жобаның авторы және көркемдік жетекшісі Зарина Алтынбаева Джулио Каччинидің "Ave Maria" әнімен ашты. Сахнада басқада өнер саңлақтары төбе көрсетті. Соның ішінде танымал скрипкашы, Мәскеу консерваториясының профессоры және байқау қазылар алқасының мүшесі – Максим Федотов А. Вивальдидің "Гроза" шығармасын шебер орындады. Бұдан соң балалар өнерін ортаға салды.
2019 жылғы гран-при иегері Рамазан Көпбаев Элгардың "Salut d 'Amour" әнін тамаша орындаса, жыл лауреаты Атшыбай Сұлтан Тілендиевтің "Қарындас" әнімен көрерменді тамсандырды. Сондай-ақ Чайковскийдің "Щелкунчик" балетінен Andante maestoso орындаған жас пианист Айтөре Азаматұлының өнері ерекше әсер сыйлады. Жас скрипкашы Арсен Сәдуақасовтың орындауындағы "Боз айғыр" динамикалық пьесасы бүкіл аудиторияны жандандырды десе болады. Өнерпазға деген көпшіліктің құрметі сол – үздіксіз қошемет көрсетіліп, жас әртіс сахнадан ұзақ уақыт жіберілмеді.
Қазылар алқасының мүшесі, the Metropolitan Opera әншісі Ольга Макарина "Джанни Скикки" операсының «Лауретта» ариясын шебер орындады. Ал Түркиядан ат артып келген белгілі пианисті Гүлсин Онай Ноктюрн op.9, #2 Шопенді әсерлі ойнап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Кеш соңында барлық қатысушылар алматылықтардың әнұранына айналған М. Сағатовтың "Алматым менің" әнін шырқады.
Байқау лауреаттары ақшалай сыйлыққа ие болды. Қатысқан әр балаға фестиваль серіктестері түрлі тәттілер тарту етсе, ал I сыйлықтың иегері – Жамбыл атындағы филармония сахнасында өтіп жатқан Dala fest халықаралық классикалық музыка фестивалінде солист ретінде өнер көрсетуге шақыру алды.
"Мен қатысушылардың ата-аналары мен педагогтарына балалардың дамуына қосқан үлесі үшін шын жүректен ризамын. Сондай-ақ серіктестер мен Алматы қаласының әкімдігіне жәрдемдескені және қолдағаны үшін алғыс білдіремін. Жыл сайын Prima Nota Fest нәтижелері жоғары және жарқын болатынына сенемін"- деді жоба жетекшісі Зарина Алтынбаева.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастау алған бұл конкурс-фестиваль жас әртістерді таныстырып, оларды үлкен сахнаға қанаттандырып келеді. Бұл кәсіби музыка әлеміне есік ашып қана қоймай, Қазақстанның классикалық өнер индустриясының дамуы жолында үлес қоспақ.