Президенттің баспасөз хатшысы Путиннің Тоқаевқа берген хатында не жазылғанын айтты

Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеуде өткен ЕАЭО саммиті барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған хатында не жазылғанын мәлімдеді.

Алматы, NEGE. «Бұл хатта ЕАЭО басшыларының тар құрамдағы кездесуі барысында қойылған сұраққа ресейлік тараптың жауабы қамтылған. Әңгіме жүк жөнелтуші қазақ компанияларының ішкі тарифтер бойынша Ресей темір жолымен тасымалдауға қолжетімділігі туралы болды. Ресей Үкіметі Қазақстанға жіберілетін тауарларға жеңілдетілген тариф қолданылуы мүмкін, ал Ресей арқылы өтетін тауарларға экспорттық тарифтер салынуы керек деп санайды», – деді Руслан Желдібай. 

«Россия 1» телеарнасы «Мәскеу. Кремль. Путин» фильмінде Владимир Путиннің Қазақстан басшысына хат бергенін көрсеткен. Тоқаев оны оқып шыққан соң Сауда және интеграция министрі Серік Жаманғаринге де хат ұстатқан. 

Руслан Желдібай Тоқаев біздің үкіметке 2015 жылғы ЕАЭО құру туралы шарттың қағидаттары негізінде осы мәселе бойынша ресейлік тараппен келіссөздерді жалғастыруды тапсырғанын айтты.