Президенттің баспасөз хатшысы: «Менде тікелей телефон шалуға мүмкіндік бар»
Tengrinews.kz тілшісі Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлимен кездесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен жұмыс істеу қандай екенін білді.
Алматы, NEGE. Берік Уәли Президенттің Баспасөз хатшысы қызметіне қалай келді? «2019 жылғы наурызда Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалар болғанын білесіздер. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатып, лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешімін жариялады. Бұл жәйтті естігенде өз басым абдырап қалдым.
Ол кезде Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасының басшысымын. Дәл сол күні елордада іссапармен жүрген едім. 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының алдында ант қабылдады. Оны тікелей эфирден көрдік. Сол күні іле-шала маған Президент Әкімшілігінен хабарласып, Ақордаға мүмкіндігінше тезірек келуімді сұрады. Дәл сол сәтте Сарайшық көшесінің бойымен Президент резиденциясының жанындағы көпірден өтіп бара жатқан едім. Бұл уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада басқа мемлекеттердің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, Премьер-министр, Сенат пен Мәжіліс төрағаларын, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларын қабылдап жатыр екен. Президент Әкімшілігінің сол кездегі басшысы Әсет Исекешев бүгін Мемлекет басшысы мені қабылдайтынын айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлымен қысқа ғана сөйлестік. Бірден алғашқы тапсырмалар берілді деуге де болады. Мемлекет басшысы бірден Түркістан қаласына алғашқы жұмыс сапарына дайындалу керек екенін айтып, қызметіме табыс тіледі», – деді.
Берік Уәли «Президенттің Баспасөз хатшысының міндеттері қандай?» деген сауалға былай дейді.
«Менің негізгі міндетім – Мемлекет басшысының қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету. Баспасөз қызметі Президенттің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жариялап көрсету жөнінде ауқымды жұмыс жүргізеді. Президенттің қазіргі және алдағы қызметтеріне қатысты, оның ішінде Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдарын айқындайтын материалдарды әзірлейміз. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға, әлеуметтік желілердегі маңызды әрі резонанс тудырған жазбаларға мониторинг жасаймыз».
Ал оның жұмыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз естіген кезі болды ма?
«Иә, жұмыс барысында әртүрлі кемшіліктерге байланысты Президенттің Баспасөз хатшысы ретінде маған және жалпы Баспасөз қызметінің жұмысына көңілі толмай, бірнеше рет телефон шалған кезі болды. Бірақ, Мемлекет басшысы істің анық-қанығын түсіндіруге әрдайым мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Менде Қасым-Жомарт Кемелұлына тікелей телефон шалуға мүмкіндік бар және ол кісі әрқашан да менің қоңырауыма жауап қатады» деп жауап берген.