17 декабря 2019 г. 14:00

Президентті өлім жазасына кесті

«Пәкістанның Арнайы соты елдің бұрынғы президенті Первез Мушарафты мемлекеттік сатқындық жасады деген айып тағып, өлім жазасына кесті», – деп жазады Gulf News басылымы.

Алматы, NEGE. 2007 жылы соттың көмегімен Мушарафтың мемлекет басына келуін заңдық тұрғыда тексеру жұмыстары ұйымдастырылған кезде, президент елде төтенше жағдай жариялап, Конституцияның жұмысын тоқтатып, Жоғарғы соттың бірқатар судьяларын тұтқынға алған болатын. Ол өзінің бұл әрекетін «экстремистік топтар тарапынан мемлекеттік билікке қауіп төнді» деп түсіндірген. Президенттің осындай шешімі кейін оның үстінен «мемлекеттік сатқындық жасауы мүмкін» деген істің қозғалуына алып келген.

Мушараф 2008 жылы тамыз айында өзіне импичмент қауіпі төнгеннен кейін, Батыс пен ұлттық әскердің оны қорғаудан бас тартқанынан соң биліктен кеткен. 2009 жылы оған қатысты» судьяларды заңсыз қызметінен босатқаны үшін» іс қозғап, 2011 жылы бұрынғы премьер-министр Беназир Бхуттоның 2007 жылы болған террорлық акт кезіндегі өліміне қатысты қамауға алынуына ордер берген.

Президенттіктен кеткеннен кейін Мушараф Біріккен Араб Әмірліктерінде және Ұлыбританияда өмір сүрді. 2013 жылы Пәкістандағы парламент сайлауына қатыспақшы боп келгенде, үйқамаққа алынды. Сол жылы оның шет елдерде емделуіне рұқсат беріліп, елден шығуына мүмкіндік жасалды.

 

Тегтер: