30 сентября 2022 г. 20:39

Президент: Абай мен Семей бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар

Фото:

Президент Абай облысына іссапармен барып, жергілікті жұртшылықпен кездесіп, өзекті мәселелерге қозғау салды.

Алматы, NEGE. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше әрі төл шежіремізде  айрықша орны бар өлке екенін атап өтті.

– Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы. Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны бұдан 120 жыл бұрын осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған. Ал Семейдегі  музыкалық драма театр – қазақтың театр өнерінің берекелі бастауы. Ұлт футболының тұсауы да осы жерде кесілген. Еліміздегі тарихи-өлкетану музейі, қоғамдық кітапхана, архив, телеграф алғаш рет осында ашылған. Сондықтан бұл жерді халқымыз қазақ руханияты тамыр жайған жер деп ерекше қадірлейді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өзінің шешімімен Семей қаласына тарихи орталық мәртебесі берілгенін айтты.

– Жалпы, өңірдің тыныс-тіршілігі әрдайым менің жіті назарымда. Осыдан ширек ғасыр бұрын облыс таратылып, Шығыс Қазақстанға қосылды. Содан бері өлкеге бұрынғы мәртебесін қайтару мәселесі қоғамда талай рет көтерілді. Семей өңірінде іргесі бөлек облыс құру туралы бірнеше хат-хабар, ұсыныс алдым. Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет құрып жатырмыз.  Сондықтан мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым. Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық. Өйткені Абай – ұлт пен жұрттың символына айналған ұлы тұлға. Семей мен Абай – бір-бірінен ешқашан ажырамайтын ұғымдар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызды Абай облысының құрылуымен тағы да құттықтаймын! – деді Президент.

Президент Абай өңірін дамытудың басым бағыттары мен өзекті мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланған. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев мұның өзі жеткіліксіз екенін айтты.

– Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін  біржола шешуді тапсырамын. Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық. Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады. Семей білім беру саласында көш басында жүруі қажет. Батыстың озық университеттерінің бірі Семейде өз филиалын ашса немесе  Семейдің жоғары оқу орнымен байланыс орнатса, жақсы болар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Дәлірек айтқанда, президент өңірден шыққан іскер азаматтарды Абай облысын бірге көркейтуге шақырды. Мектеп, емхана және басқа да әлеуметтік нысандарды мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі аясында салуға мүмкіндік барын қаперге салды. Өңірдегі экологиялық мәселені де шешу маңызды. Бұл халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер етіп отыр.  Сондықтан жергілікті әкімдікке ядролық сынақ жүргізілген аймақтың экологиясын назарда ұстау керектігі айтылды. 

Тегтер: