Президент: 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады
Мемлекеттің байлығы – халық десек, елімізді құрайтын ұлттың білімді болғаны абзал. Соңғы жылдары жас ұрпақтың толыққанды білім алуын қамтамасыз ету мәселесі назардан түскен емес. Бұл туралы президент әр жолдауында, әр пікірінде айтып жүр.
Президент күні кешегіге дейін бірқатар облысқа барып, өңірлердегі шешімін таба алмай келе жатқан түйткілдерге тоқталды. Соның бірі – мектеп пен балабақшада орын жетіспеушілігі, сапалы білім беруді қамтамасыз ету, тағысын тағы.
Мәселен, «Қазақстан Республикасының қазіргі даму кезеңінде балаларды дамыту, тәрбиелеу және оқыту процестерін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері мен жаңа тиімді нысандары қажет» деген мемлекет басшысы 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтуды қамтамасыз ету міндетін қойды.
Мектепке дейінгі білім беруді қамтамасыз ету және қолжетімділік деңгейі бүкіл ел бойынша әр түрлі. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін 2022 жылы 34 мыңнан астам орынға 322 балабақша ашылып, жыл соңына дейін 3-6 жастағы балаларды балабақшалармен қамту 99,3 пайызға дейін жеткізілетіні айтылды. Мемлекет басшысының мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің сапалы инфрақұрылымын құруға қатысты шешімдері халық арасында және ең алдымен аналар арасында үлкен пікірталас тудырады.
БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатының төртінші тармағында сапалы білім беру туралы жазылған. Бірақ мектеп тапшылығы сезілген жағдайда сапалы білім туралы айту қиын. Демографиялық өсім, ішкі көші-қон және жалпы мектеп ғимараттарының тозығы жетуі білім беру ұйымдарының тапшылығын туындатты. Жекелеген қалалар мен өңірлерде мектептерді уақытылы пайдалануға беруге, құрылысын бастауға уақыт жоқ. Әсіресе бұл мәселе Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Түркістан облыстарында аса өзекті болып отыр.
«Қазіргі мектептердің саны мен сапасы ертеңгі өмірдің сапасын анықтайды. Ел басшылығы бұл аксиоманы өте жақсы біледі. Жайлы балабақшалар мен заманауи мектептер салу, инновациялық орталықтар, Оқушылар сарайлары мен спорт алаңдарын ашу, үйірмелер мен секцияларды іске қосу. Балалар жылы аясында әр баланың әлеуетін ашуға бағытталған бірқатар әлеуметтік маңызды жоба іске асып жатыр», – деген президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылға қарай оқушы орындарының тапшылығы 1 миллионға жететінін айтты. Осыған байланысты Үкімет пен өңір әкімдерінің алдына 2025 жылға дейін 1 миллион орындық мың мектеп салу міндеті қойылды. «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы іске қосылды. Жоба аясында жаңа стандарттар бойынша 840 мың орындық мектеп салу жоспарлануда. 2021 жылдан бастап 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 1 436 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
2025 жылға дейін заманауи талаптарға жауап беретін жалпы саны 800 мың оқушыны сиятын мектептер ашылмақ. Бұл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жоспары белсенді іске асырылып жатыр.
Оның ішінде республика бойынша 101 мектеп мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынады. Ол мектептерде 170 мыңнан астам оқушы білім алмақ.
2022 жылы елімізде 214 538 оқушыға арналған 225 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, 138 мектеп мақсатты құрылыс есебінен іске қосылады. Сондай-ақ, 26 модульдік мектеп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 16 мектеп және 45 жекеменшік мектеп салынады. Бюджеттен білім нысандарының құрылысына шамамен 104 млрд теңге қаржы қаралады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл – ел бесіг» бағдарламасы аясында батыс және оңтүстік облыстарға білім, мәдениет және спорт нысандарын салуға қосымша 20 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Бұдан шығатын қорытынды – өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алуы, дамуы үшін қолайлы жағдай жасау әрқашан мемлекеттің басты міндеті. Бұған президент Қ.Тоқаев уәде беріп отыр. Жұмыстың осы бағытын күшейтіп келеді. Өйткені балалардың әл-ауқаты елдің тұрақты дамуы мен прогрессивті болашағының негізі. Әділетті Қазақстан реформаларының жүргізіліп жатқан бағытына сай барлық ата-анаға, жалпы халықтың болашаққа деген сенімін арттырады.
Өмір Шыныбекұлы, ұстаз:
Білім басқармаларын Оқу-ағарту министрлігінің құзіретіне өткізу керек
– Біріншіден, білім саласында жасалып жатқан реформа толыққанды жүзеге асуы үшін өңірлік Білім басқармаларын Оқу-ағарту министрлігінің құзіретіне өткізу керек. Әйтпесе, қазір парадокс жағдайда қалыптасқан. Білім саласындағы реформаға Білім басқармасы басшысын тағайындау құзіреті жоқ министр жауап береді.
Екіншіден, мемлекеттік мектептерге Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасын енгізіп жатқанына бірнеше жыл болды. Бұл бастама баянды болуы үшін жай мектептерді қаржыландыруды сол НЗМ деңгейіне жеткізу керек.