Президент іске қосылған LRT желісінің алғашқы жолаушысы болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы қоғамдық көлік жүйесінің, соның ішінде LRT жобасының қазіргі жай-күйімен танысты. Президент жүйені басқару орталығының жұмысын көрді.
Астана, NEGE. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT іске қосылғаннан кейін қозғалысты бақылау және жүйені басқару үшін арнайы диспетчерлік орталық құрылған. Бұл орталық қала көлігінің қозғалысын қадағалап, жұмысын үйлестіреді. Мұнда жиырмаға жуық маман еңбек етеді.
Жоба толықтай автоматтандырылған. Пойыздар жүргізушісіз қозғалады, ал жылдамдықты реттеу, тоқтау және есіктерді ашу секілді негізгі процестер автоматты жүйе арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ қауіпсіздік үшін қашықтан бақылау және диспетчермен байланыс қарастырылған.
Желінің ұзындығы – 22,4 шақырым. Бағыт бойында 18 станция мен арнайы депо орналасқан. Жоспар бойынша 15 құрам тұрақты қатынайды, тағы бірнешеуі резервте болады. Әр құрам 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады.
Пойыздардың жүру аралығы 5–6 минутты құрайды. Бір бағыттағы сапар шамамен 40 минутқа созылады. Орташа жылдамдығы сағатына 50–60 шақырым.
Сапар соңында мемлекет басшысына 001 сериялы көлік картасы табысталды. Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев LRT желісінің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүріп өтті.