Президент рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Рақымшылық қылмыстық теріс қылық жасағандарға, онша ауыр емес қылмыстар жасағандарға, сондай-ақ зиян келтірілмеген немесе келтірілген зиян толық өтелген, не болмаса азаматтық талап қойылмаған кейбір орташа ауыр қылмыстарға қатысты қолданылады.
Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, 15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалады. Олардың 1 468-і бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы мүмкін, ал қалғандары үшін жаза мерзімін қысқарту және өзге де құқықтық шаралар қарастырылған.
Айта кетерлігі, Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жарияланып отыр.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті әкімшілік рақымшылық жалпы сомасы 298,4 млн теңге болатын 2 370 адамға қатысты қолданылуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Оның ішінде 448 жеке тұлғаның жалпы сомасы 72,7 млн теңге болатын және 1 930 жеке кәсіпкердің жалпы сомасы 225,6 млн теңге болатын айыппұлдары кешірілуі ықтимал екені айтылған.
Алайда рақымшылық сот тағайындаған әкімшілік жазаларға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.