Президент мақтаған әкім көптің көңілінен шықты ма? Қасымбек феномені
Президенттің Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің жұмысына берген жоғары бағасы қоғамда кең талқыға түсті. Әлеуметтік желіде елорда басшысының қызметіне қатысты пікірлер екіге жарылды. Бірі қаланың соңғы жылдары айтарлықтай өзгергенін айтса, енді бірі бұрынғы қызметіндегі олқылықтарды еске алып, қазіргі жұмысына сын көзбен қарады.
Астана, NEGE. Қолдау білдірген желі қолданушылары Қасымбек басқарған кезеңде Астананың көркейіп, өмір сүруге қолайлы қалаға айнала бастағанын атап өтті.
«Астанада Жеңіс Қасымбек пен урбанистер командасының жұмысы ұнайды. Қала бірнеше жылдың ішінде қатты өзгерді, жайлы әрі әдемі бола түсті. Шынын айтқанда, шенеуніктерді мақтауға тұрарлық жағдай сирек кездеседі. Бірақ бұл жолы еңбегі бар», – деді режиссер Ринат Балғабаев.
«Астана қысқа уақыт ішінде айтарлықтай өзгерді. Көгалдандыру, абаттандыру, безендіру, инфрақұрылым — қаланың келбеті жақсарып, одан әрі жайлы әрі әсем бола түсті. Жаңа жылдық безендіру де көңіл қуантады. Қаланың тиімді басқарылып отырғаны көрініп тұр», – дейді депутат Асхат Аймағамбетов.
«Керемет! Оның парақшасына кіріп көрдім, пікірлер жабық емес, демек диалогқа, кері байланысқа дайын. Бұған дейін Астананың әкімі кім екенін де білмейтінмін, бірақ қаланың қысқа уақытта қатты өзгергені байқалады», – деді syrdeste_.
Тағы бір топ пікір иелері бұрынғы әкіммен салыстырғанда қалада тәртіп орнай бастағанын айтып, күнделікті тұрмыстық мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын мысалға келтірді.
«Алдыңғы әкім тұсында жерді жалға алу мәселесімен әбден әбігерге түскен едім. Ал Жеңіс Махмұдұлы алғашқы қабылдаудың өзінде-ақ көмектесті», – деп жазды vo_imya_zhizni.
Кейбір пікірлерде әкімді биліктің емес, қарапайым халықтың өзі мақтап отырғаны ерекше назар аударарлық жайт екені айтылды.
«Мемлекет басшысының мақтауы – бір бөлек. Ал халықтың өзі қолдау білдірсе, бұл мүлде басқа деңгей», – деді armannnurmahanovich есімді оқырман.
Алайда сын пікірлер де аз емес. Кейбір желі қолданушылары абаттандыру мен көгалдандыруды үлкен жетістік ретінде көрсету дұрыс емес деп санайды. Олардың пікірінше, әкім жұмысының басты көрсеткіші тұрғындардың өмір сапасы болуы тиіс.
Инфрақұрылымы дамымаған аудандар, жол мәселесі мен кептеліс жиі сынға алынды.
«Жұмыс кестесін өзгерту нәтиже бермеді. Енді кептеліс 17:00-де басталып, 20:00-ге дейін созылады», – деді marina.mb2025 есімді оқырман.
«Айтматов көшесі мен Қосшыға дейінгі жолды реттеу, Әл-Фарабиді Нұра арқылы әуежай трассасына қосу қажет. Көктал арқылы Лесозаводқа баратын көпір мен Солтүстік айналма жолды аяқтау керек», – деді 017tse.
Қарағандыдағы қызметін қайта еске алғандар бар. Кейбір пікір иелері ол кезде «түк бітіре алмады» деп те сынады.
«Қасымбек Қарағандыда әкім болған кезінде айтарлықтай нәтиже бермеді. Тек әкімдікке баратын жолдарды ғана тазалайтын», – деді darnel2816 есімді оқырман.
«Оған Қарағандыны елорда секілді көркейтуге кім кедергі болды?» – деп қысқа қайырды kazakhvent.
Сонымен қатар, Қасымбектің Қарағанды облысындағы бұрынғы қызметіне сын айтқанымен, Астанадағы жұмысына оң баға бергендер де бар. Олар елордада өзгеріс бар екенін мойындау керек дейді.
Жалпы, қоғам әкім жұмысына біржақты баға бермей, нақты нәтиже мен шешілген мәселелер арқылы бағалауға дайын екенін көрсетіп отыр.