Президент қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.

ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Президент құттықтауында майданда Отан үшін шайқасқан жауынгерлер мен тылда еңбек еткен ардагерлерге шынайы ризашылық білдіріп, аға буынның ерлігіне айрықша құрмет көрсетілетінін айтты.

Мемлекет басшысы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары миллиондаған қазақстандық майданда жанқиярлықпен шайқасып, тылда аянбай еңбек еткенін атап өтті. Сондай-ақ жүзден астам жерлесіміздің «Даңқ» орденінің толық кавалері атанып, бес жүз адамның Батыр атағын алғанын, ондаған мың азамат жауынгерлік ерлігі және қажырлы еңбегі үшін марапатталғанын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ардагерлер ерлігін өскелең ұрпақ санасына сіңіру бүгінгі буынның қасиетті парызы екенін айтты.

«Қаһарман ардагерлеріміздің ерен ерлігінің мән-мағынасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі буынның қасиетті парызы. Біз ержүрек майдангерлердің қайтпас қайсарлығы мен асқақ рухының арқасында дербес әрі бейбіт елде өмір сүріп келеміз, сондай-ақ, төл мәдениетімізді дамытып, қазіргі заманның игілігін сезініп отырмыз.

Ұлы Жеңіс күні – ең алдымен, жауынгерлік ерлігі мен жігерлі еңбегінің арқасында мамыражай заманға жеткізген батырларымыздың есімін ел жадында жаңғырту күні. Бұл – ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі мағыналы ойға шақыратын мереке», – деді Мемлекет басшысы.

Жеңіс күні құтты болсын!

Қазір оқып жатыр

Әшімбаев, Қошанов пен Бектенов соғыс құрбандарының рухына тағзым етті

Айдын Рахымбаев байлығының жартысын қайырымдылыққа бермек

Политолог: «Әділет» – саяси стартап

Қазақстанда хантавирус таралуы мүмкін бе?