Президент қазақстандықтарды «Тазару күніне» белсенді қатысуға үндеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазару күніне» орай қазақстандықтарды экологиялық акцияға белсенді қатысуға үндеді.

Ақорда

Астана, NEGE. Президент «Тазару күні» аясында еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл күн – Наурызнама онкүндігінде айрықша орын алатын сәт.

«Қоғамымыздың жаңғыруы күллі табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр. Уақыт пен іргелі өзгерістердің осылай үндесуі баршамызға Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуге айрықша күш-жігер беретіні сөзсіз», – деді Президент.

Тоқаев экологиялық бастамалар аясында нақты жұмыстар қолға алынғанын жеткізді. Соның ішінде «Мөлдір бұлақ» жобасы арқылы бұлақ көздерін ашу, ағаш отырғызу, өзен-көл жағалауларын, аулалар мен саябақтарды тазарту жұмыстары жалғасады.

Сондай-ақ, Президент жаңа қабылданған  Конституцияда табиғатқа жанашырлық таныту ұлттық құндылықтардың бірі ретінде айқындалғанын атап өтті.

«Ата Заңымыз қоғамда дүниетанымымыз бен бітім-болмысымыздың өзегі саналатын ынтымақ, жауапты әрі жасампаз отаншылдық, сондай-ақ «Таза Қазақстан» құндылықтарын қалыптастырады. «Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент соңғы уақытта табиғатты ұқыпты пайдаланып, саналы тұтынуды таңдаған азаматтардың қатары артып келе жатқанын оң үрдіс ретінде бағалады.

«Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы барша жұртты ортақ іске жұмылып, елдің дамуына үлес қосуға үндеп, бірлік пен жауапкершілік арқылы Әділетті, Таза және Өркендеген Қазақстанды құруға болатынын атап өтті.

Қазір оқып жатыр

Ақмола облысында шахтада заңсыз алтын іздеуші қаза тапты

Трамп Иранның электр станцияларына соққы жасауды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырды

Тоқаев Иранның БАӘ аумағын бомбалауына алаңдаушылық білдірді

Қырғызстанда министр қоғамдық орында шылым шеккені үшін жазаланды