7 марта 2026 г. 15:35

Президент Иранның көрші елдерге шабуыл жасаудан бас тартуын құптады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның көрші елдерге шабуыл жасамау жөніндегі шешімін құптады. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

Астана, NEGE. Қазақстан Президентінің пікірінше, мұндай қадам Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетуге және аймақтағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды бастама.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Уақытша басқарушы кеңестің көрші елдерге шабуылдан бас тартқаны туралы шешімін жеткізген Иран Президенті Масуд Пезешкианның мәлімдемесін құптайды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Масуд Пезешкиан Иран тарапынан шабуылға ұшыраған көрші мемлекеттерден жария түрде кешірім сұраған болатын. Сондай-ақ бұдан былай Иран көрші мемлекеттерге шабуыл жасамайтынын және оларға қарсы зымыран ұшырмайтынын,  олар өздері шабуыл жасаған жағдайда ғана жауап қайтарылуы мүмкін екенін жеткізді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Иранның Қазақстандағы елшілігіне барып, қайғылы оқиғалар салдарынан аталған елдің рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің, мемлекет басшылығы өкілдері мен бейбіт тұрғындардың қайтыс болуына байланысты Иран халқына көңіл айтты