Польша тұрғыны сәбиді алмастыра алатын қуыршақтар жасайды

Польшалық суретші бала көтере алмай жүрген немесе күйзеліске түскен әйелдерге ерекше ем ұсынды.

Алматы, NEGE. Бармағынан бал тамған қыз жаңа туған сәбиден аумайтын қуыршақтар жасайды. Дизайнердің бұл өнімдері фильмдер мен дәрігерлерді үйрету ісінде де кеңінен қолданыла бастаған.  Барбара алғашқы қуыршағын 8 жыл бұрын жасаған. Ол кезде дизайнер бұл өнері ел медицинасында маңызды іске айналатынын мүлдем білмеген. Басында суретшінің қуыршақтары фильмдерде қолданылыпты. Кейін оның шынайы бөпеге ұқсайтын өнімдеріне көзі түскен дәрігерлер, медбикелер мен акушерлерді үйретуге арналған бірнеше үлгі жасап беруді өтінген. Өйткені Варшавада түсік тастаған әйелді күйзелістен дәл осы Барбараның қолынан шыққан қуыршақ құтқарыпты.

Барбара Смолинская, суретші, дизайнер:
 – Қуыршаққа алдандырып емдеу тәсілінің баласынан айырылған әйелдерге көмегі көп. Мәселен, қуыршақты қолына алған әйел оны құшағына қысып, мауқын басады. Сөйтіп бірте-бірте қайғысын ұмытып, жан жарасы жазылады.

Бұл қуыршақ адамның терісі мен шашына өте ұқсас материалдардан жасалады екен. Тіпті, бойы мен салмағы да баламен бірдей. Шебер әр қуыршақты бірегей әрі шынайы етіп жасауға тырысатынын айтады. Оның коллекциясындағы әр өнім бірегей, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Мысалы, қуыршаққа мең салып, жанарының өзін қараған адамды елітіп әкететіндей мөлдіретіп жасайды. Автордың айтуынша, бір өнімді бастан-аяқ бітіруге бірнеше апта кетеді екен. Ортанқол өнім болмағандықтан, қуыршақтың бағасы бірнеше мың долларға бағаланады.

Қазір оқып жатыр

Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы сотталып, сот залында босатылды

Қазақстанда соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 10 мың доллардан көмек берілді

Оралда өлім себебін жасырған сарапшы сотқа тартылды

Нұрай Серікбайдың қазасы: полиция күдіктінің туыстарын тексеріп жатыр