Польша Ресеймен шекарада диверсия қаупіне байланысты арнайы операция бастады

Барлау қызметтерінің шекарада диверсиялық әрекеттер болуы мүмкін деген ескертуінен кейін Польша тарапы Ресейдің Калининград облысымен шектесетін аймақтарда арнайы қауіпсіздік операциясын бастады.

MinisterstwoObrony/Facebook

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Польша полициясының бас коменданты Марек Боронь 2 қарашада радио эфирінде хабарлады, деп жазады Deutsche Welle.

Бас коменданттың мәлімдеуінше, өткен аптада Польша әскери барлау қызметі мен одақтас елдердің арнайы қызметтерінен Ресеймен шекарада ықтимал диверсия туралы ақпарат түскен. Боронь мұны елдегі қазіргі жағдаймен, соның ішінде диверсиялармен, саботажбен және шығыс елдерінің арнайы қызметтері қолдануы мүмкін гибридті әрекеттермен байланыстырды.

Арнайы операция елдің солтүстік-шығысындағы Варминь-Мазур және Подляск воеводстволарында өтіп жатыр. Оған полиция, армия, шекара қызметі, арнайы қызметтер мен терроризмге қарсы бөлімшелер жұмылдырылған. Сондай-ақ шекаралас аймақтарға бірнеше воеводстводан қосымша полиция күштері жіберілген.

Польша полициясының басшысы операцияның алдын алу сипатында екенін атап өтті. Оның сөзінше, басты мақсат – шекара маңындағы тұрғындардың, мемлекеттік мекемелер мен ықтимал шабуыл нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.