Полиция журналист Асхат Ниязовты босатты
Алматыда белгілі журналист және «Обожаю» YouTube арнасының авторы Асхат Ниязовты полицейлер ұстап алып кеткен болатын. Полиция бөліміне барып, түсініктеме берген соң Асхат Ниязовты босатты.
Алматы, NEGE. Әлеуметтік желіде Ниязовты операторымен бірге полиция қызметкерлерінің ұстаған видеосы тараған.
Асхат Ниязов оқиғаға қатысты пікір білдірді. Айтуынша, Алматының әкімдігіне барып, есік алдында әкімді аңдып біраз жүрген. Сол себепті әкімдік қызметкерлері «күдікті адамдар торуылдап жүр» деп полицияға арыз түсірген.
«Кеше кешке өтініш түскен. Бүгін менің артымнан 6-7 адам болып, 2 көлік келді. Бұлай алып кетпей-ақ, «кел» деп шақырса да барар едім» , - дейді ол.
Алматы полициясы да оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Алматы қалалық полиция департаменті күдікті адамдардың мемлекеттік қорғауға алынған нысанды түсіріп жатқаны туралы хабарлама келіп түскенін хабарлайды. Жеке басын және істің мән-жайын анықтау үшін азаматтар Бостандық аудандық полиция Басқармасына шақырылды. Мән-жай анықталған соң олар босатылды», - делінген хабарламада.