Пойыз бен ұшаққа билет кез келген жолаушыға сатылмайды
Түркияда пойыздар 28 мамырдан, ал ұшақ сапарлары 4 маусымнан бастап қайта жанданады. Дегенмен билет кез келген жолаушыға сатыла бермейді.
Алматы, NEGE. Жолға шыққандар әуелі «HES» (ХЭС) кодын алуы тиіс. Анадолы жерінде коронавирус бәсеңдеп, елде кезең-кезеңімен ішкі тасымал жандана бастады. Алғашқы болып 28 мамыр күні провинциялар арасында жүрдек пойыздар қатынай бастайды. Осыдан 2 ай бұрын жұмысын тоқтатқан пойыздар енді жолаушылардың тек 50 пайызын алып жүре алады. Бетперде тағу міндетті.
Түркия көлік және инфрақұрылым министрі Әділ Қарааймайлоғлу: "65 жастан үлкен және 20 жастан кіші топтағылардың «саяхат анықтамасы» болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда жолға шыға алмайды. Билеттерінің ақысы да қайтарылмайды. Жолаушылардың, темір жол стансасынан бастап вагонға отырғанға дейін арақашықтық сақтауын қызметкерлеріміз бақылайтын болады" деді.
Пойызға билет тек арнайы рұқсаты бар жолаушыларға сатылады. Ол үшін ұялы телефоныңызға алдын ала жүктелген қосымшаға кіріп, өзіңіздің коронавирусты жұқтырмағаныңызды, яки қауіпті емес екеніңіз жөнінде арнайы код алуыңыз тиіс.
Қалта телефоныңыздың үнемі GPS-і қосулы болуы тиіс. Осы арқылы, сіздің қайда барғаныңыз мәлім болады. Бұдан бөлек, bluetooth-ы өшірмеу қажет. Бұл арқылы коронавирус жұқтырған адаммен қаншалықты ара қашықтықты сақтағаныңыз анықталады. Дәрігерлер бұл үдеріске оң баға беріп, кеселдің алдын алу жолында жақсы әдіс деп санайды.