Питер Фостердің жұбайына қатысты дау: Прокурорлар Air Astana мен FlyArystan-ды тексереді
Бас көлік прокуратурасы Air Astana және FlyArystan авиакомпанияларына қатысты тексеру жүргізеді.
Алматы, NEGE. Оған компанияның жоғары басшыларының туыстарына жеңілдікпен авиабилеттер сатылды деген ақпарат себеп болып отыр.
«Жарияланымда авиакомпания басшылығының нұсқауымен жеңілдікпен берілетін билеттердің жоғары лауазымды тұлғалардың туыстарына және басқа адамдарға сатылғаны айтылған. Осы мәліметтердің шынайылығын тексеру мақсатында Бас көлік прокуратурасы Азаматтық авиация комитетіне Air Astana және FlyArystan компанияларының қызметін тексеруді талап ететін нұсқама жолдады», – делінген Бас көлік прокуратурасының редакциямызға жолдаған хабарламасында.
- Тақырыпқа орай: Шығыны шашетектен «Air Astana» аяққа тұра ма әлде құлдырай ма?
Естеріңізге сала кетейік, FlyArystan компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулханов Air Astana өзінің топ-менеджерлеріне әуе билеттерін жеңілдікпен сатқанын мәлімдеген еді. Абулханов Air Astana компаниясында 2011–2015 және 2019–2024 жылдары жұмыс істеген, ал оның соңғы қызметі Air Astana құрамындағы FlyArystan бөлімшесінің маршруттық желіні жоспарлау және кірістерді басқару жөніндегі директоры болған.
Жеңілдікпен берілген билеттерді алушылардың қатарында Air Astana басшысы Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостердің де есімі аталған.
- Тақырыпқа орай: Питер Фостердің арманы НЕГЕ орындалмайды?