PISA-2025: Қазақстан оқушылары қандай нәтиже көрсетті?

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады. PISA – 15 жастағы білім алушылардың білімін, дағдылары мен ұстанымдарын бағалайтын халықаралық зерттеу. Тестілеу барысында оқушылардың күрделі мәселелерді шешуі, сыни ойлау және тиімді коммуникация дағдылары бағаланған.

gov.kz

Астана, NEGE. PISA-2025 қорытындысы бойынша, қазақстандық оқушылардың 2025 жылғы математика бойынша орташа нәтижесі 2022 жылмен салыстырғанда төмендеген. Ал оқу сауаттылығы мен жаратылыстану ғылымдары бойынша көрсеткіштер 2022 жылғы деңгейде сақталған.

Қазақстандық білім алушылардың шамамен 1%-ы ғана математикадан жоғары нәтиже көрсетіп, 5 немесе 6-деңгейге жеткен. Оқушылардың 44%-ы кемінде 2-деңгейге жеткен. Мамандар бұл ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен айтарлықтай төмен екенін атап өтеді.

Ал оқу сауаттылығы бойынша Қазақстанда оқушылардың 36%-ы ғана 2-деңгейге жеткен. Бұл ретте ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш – 69%.

Бұл деңгейге жеткен оқушылар орташа көлемдегі мәтіннің негізгі ойын анықтай алады, қажетті ақпаратты табады және мәтіннің мақсаты мен формасы туралы қорытынды жасай алады. Ал қазақстандық оқушылар оқу сауаттылығы бойынша 5 немесе одан жоғары деңгейге жете қоймаған. 

Ал жаратылыстану ғылымдары бойынша қазақстандық оқушылардың 52%-ы кемінде 2-деңгейге жеткен. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш – 74%. Жаратылыстану ғылымдары бойынша да 5 немесе 6-деңгейге жеткен оқушылар жоқ.

Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстанның оқу сауаттылығы бойынша нәтижелері 2009 жылдан бері салыстырмалы түрде тұрақты болып келеді.

«2022-2025 жылдар аралығында ең жоғары және ең төмен нәтиже көрсеткен оқушылар арасындағы алшақтық математика мен жаратылыстану ғылымдары бойынша айтарлықтай өзгермеген. Ал оқу сауаттылығы бойынша бұл айырмашылық қысқарған», – делінген зерттеу қорытындысында.

Жалпы, PISA-2025 нәтижесінде Қазақстан оқушыларының үш бағыттың барлығында – математика, оқу сауаттылығы және жаратылыстану ғылымдарында – ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен төмен нәтиже көрсеткені белгілі болды.

Сондай-ақ зерттеуде білім алушылардың мектепке және оқуға деген көзқарасы, мектептегі өмірі, цифрлық ресурстарды қолдануы, буллинг пен кибербуллинг және ата-аналар мен мұғалімдердің қолдауы, оқушылардың экологиялық сауаттылығы да бағаланған.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, Қазақстанда зерттеу 2025 жылғы сәуір-мамыр айларында өткізіліп, оған еліміздің барлық өңіріндегі 643 білім беру ұйымынан 15 жастағы 22 680 оқушы қатысқан. Жалпы бұл жолғы зерттеуде 91 ел мен аумақтан 760 мыңнан астам білім алушы қамтылған.