Pfizer вакцинасы кімдерге салынбайды?

Алматыға жеткізілген Pfizer вакцинасы балалар, жүкті әйелдер мен бала босанған әйелдерге арналған. Басқа топтарға салынбайды. Бұл туралы қаланың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты.

Алматы, NEGE. Әсел Қалықованың айтуынша, әзірше басқа топтағы азаматтарда Pfizer вакцинасын салдыру мүмкіндігі жоқ. 

"Бүгінде Pfizer вакцинасы үш санатқа жататын адамдарға: 12 жас пен 17 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балалар, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанғанынан 42 күн өткен әйелдерге арналған. Басқа топтағы адамдарға бұл вакцина әзірге қарастырылмаған", - дейді Әсел Қалықова ӨКҚ брифингінде. 

Сонымен қатар, вакцинацияның негізгі екі дозасынан кейін ревакцинация кезінде Pfizer салдыруға болады.

"Егер бірінші, екінші дозаға мысалы Спутник-V салдырған адам ол векторлы вакцина болғандықтан, ревакцинация кезінде Алматыда қолжетімді кез келген инактивтелген екпені салдыра алады. Сонымен қатар, керісінше, егер егер бірінші инактивтелген вакцина салдырса, ревакцинацияда векторлы екпені салдыруға болады", - деді Қалықова. 

Еске салайық, кеше, 10 қарашада Қазақстанға Pfizer вакцинасының бірінші партиясы жеткізілген болатын. Оның ішінде, Алматыға екпенің 46 800 дозасы жеткізілді. Вакцина партиялары бірнеше күн бойы жеткізіледі.