Петропавлда 25 жыл жазасын өтеп келген «балталы маньяк» әйелге шабуылдамақ болған

Петропавлда 25 жыл түрмеде отырып шыққан 62 жастағы ер адам 54 жастағы әйелге шабуылдамақ болды деген күдікпен ұсталды.

magnific.com

Астана, NEGE. Оқиға қала тұрғыны саяжайдан үйіне қайтып келе жатқан кезде болған, деп хабарлайды «КТК» арнасы.

Күдікті әйелге шабуыл жасамақ болғанда, жәбірленуші айғайлап үлгерген. Сол кезде әйел оның қолынан сытылып шығып, қашып кеткен. Күдікті де ізін суытып үлгергенімен, көп ұзамай ұсталды.

Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Азат Құсайыновтың мәлімдеуінше, сот санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

«Балталы маньяк» аталып кеткен күдікті Валерий Кричиневский ширек ғасыр бұрын қала тұрғындарының үрейін ұшырған. Ол кісі өлтіргені және зорлағаны үшін 25 жыл түрмеде отырып шыққан. 

Қандықол қылмыскердің түрмеге қамалғанға дейінгі соңғы құрбаны жеті жастағы мектеп оқушысы болған. Металл шыбықпен бірнеше жерінен жарақаттап өлтірілген қыздың мәйіті теміржол маңынан табылған. Қылмыскер өлтірілген қыздың тонынан өзіне үйге киетін аяқкиім тігіп алған.

Оның қатыгез қылмыстары өңірлік полиция музейіндегі ең резонансты қылмыстарға арналған көрменің негізгі бөлімдерінің біріне айналған.