Петропавл әкімдігі 90 млн теңгеге бағаланған үйді 170 млн теңгеге сатып алды
Петропавлда 340 млн теңгеге үйлер сатып алынуына қатысты дау туындады. Әкімдік бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.
Астана, NEGE. Әлеуметтік желіде Петропавл қаласында жаңа 280 орындық балабақша салу үшін әкімдік жалпы құны 340 млн теңгеге екі жер үй сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті журналист Элмира Каленова сатып алынған коттедждерді видеоға түсіріп, үй бағасының шынайылығына күмән келтірді. Видео авторының айтуынша, әкімдік төмен бағаланған үйлерді екі есе қымбат бағаға сатып алған.
«Сүріп, орнына балабақша салмақ. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған құжаттарға сәйкес, екі баспана да бір адамға тиесілі. Көршілерінің айтуынша, сары үй бұған дейін сатылымға шығарылған екен. Айтуларынша, 90 млн теңгеге бағаланыпты. Қалай ойлайсыз, 20-30 сотық жерді 340 млн теңгеге сатып алу артық емес пе?» – деп жазды ол.
Оқиғаның анық-қанығын білу мақсатында Nege.kz редакциясы жергілікті атқарушы билікке сауал жолдап, ресми жауап алды.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?
Ведомство дерегінше, қалада 280 орындық жаңа балабақша салу жұмыстары басталған. Бұл нысанның жобалық-сметалық құны шамамен 3 млрд теңгені құрайды. Қаржыландырудың негізгі бөлігі – «Қазақстан халқына» қоры (2 млрд теңге), қалған 800 млн теңге – жергілікті бюджет есебінен бөлінбек.
«Аталған балабақшаны салу үшін 1 гектар жер учаскесі қажет. Жобаны жүзеге асыру мақсатында ТКШ бөлімі үш құрылымды жер телімдерімен бірге сатып алды: жалпы ауданы 194,3 және 217,1 шаршы метр болатын екі коттедж және тұрғын ауданы 93,3 шаршы метр болатын бір үй», – делінген жауапта.
Әкімдік бұл үйлердің құнын тәуелсіз бағалау компаниясы анықтағанын атап өтті. Ал, ол тәуелсіз компания құнын не үшін еселеп көрсеткені туралы ашып айта алмады.
Ведомствоның түсіндіруінше, үш үйдің иеліктен алынуы балабақша құрылысы үшін толық 1 гектар аумақты босатуға мүмкіндік береді.
Қарастырылып отқан аумақтың құрылыс тығыздығы өте төмен болғандықтан, оны сатып алу ең тиімді әрі экономикалық жағынан дұрыс шешім деп бағаланыпты-мыс.