Песков: Ресей Түркі мемлекеттері ұйымына ресми шақырту алған жоқ
Ресей Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) қосылуға ресми шақырту алмаған. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.
Астана, NEGE. «Ведомости» басылымының сауалына жауап берген Дмитрий Песковтің айтуынша, Ресейдің одаққа қосылуы орынды болмақ. Оның сөзінше, бұл мәселе Қазақстан тарапымен келіссөздер барысында талқылануы мүмкін.
«Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуына келсек, Ресейде шығу тегі жағынан түркі халықтары тұратын бірқатар өңір бар екенін білесіздер», – деді Песков.
Сонымен қатар ол ұйымға жекелеген өңірлер емес, тұтас Ресей Федерациясы қосылуы мүмкін екенін атап өтті.
Еске салайық, 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Ресейді ұйым құрамына қосуды ұсынған еді.
Мемлекет басшысының пікірінше, Ресейдің түркі әлемімен ғасырлар бойы қалыптасқан тығыз байланысы бар, сондай-ақ оның ұйым жұмысына қатысуы барлық мүше мемлекетке тиімді болмақ.