Павлодарлық белсенділер журналист мәртебесін көтеруді сөз етті
Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Шара қатысушылары осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауындағы БАҚ өкілдерінің қоғамдағы рөлін нығайтуға қатысты 7-бастамасын іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте мемлекеттік тілдің мәртебесі де ескерусіз қалмай, атқарушы билік өкілдерін баспасөз парақтарын қазақ тілінде таратуға міндеттеу қажеттілігі айтылды.
Шараның мақсаты – азаматтық қоғамды қалыптастырудағы жастардың рөлін арттыру. Жиынға өңірдің мәдениет, спорт, журналистика және т.б. маңызды салаларының дамуына үлес қосып жүрген жастар қатысты. Ол қатарда Қуандық Танабас, Айбек Оралхан, Данияр Жұмаділ, Қарлығаш Хашымқызы, Абзал Қабдыраш, Алпысбай Хонж, Ғабит Хафиз, Оразбек Саяхат, Амангелді Егінбай, Шыңғыс Молдасапар бар.
– Облыстық «Ертіс» телеарнасы директорының орынбасары Қуандық Танабас журналист мәртебесіне қатысты ойын ортаға салып, былай деді: - Жасыратыны жоқ Павлодар өңірінде қазақ тілді БАҚ-та ақсап тұрған дүниелер аз емес. Маман тапшылығын айтпағанда, мемлекеттік тілде ақпарат алудың өзі бір бөлек тақырып. Ал төртінші билік өкілдерінің әлеуметтік жағдайы әркез назардан тыс қалып келеді. Өкінішке қарай, бізде журналистердің әлеуметтік жағдайын реттейтін заң тетіктері қарастырылмаған. Осының салдарынан, бірқатар мәселелер туындауда.
Төртінші билік өкілдері Президент Жолдауында айтылған өзге де өзекті мәселелерді іске асыруға қатысты өз ойларын ортаға салды.
Мәселен, Алпысбай Хонж әкімдердің ашықтығы мен бұқарамен байланысын әлі де жеңілдету керек десе, Айбек Оралхан партия мүшелері елді мекендерді аралап, жұмыссыз жастармен, жас кәсіпкерлермен етене болуы керек деді.