Павлодарлық әртіс балалар топ жарды
Нұр-Сұлтан қаласында «Qazaqstan» орталық концерт залында республикалық «Тәуелсіз елдің ұланы» атты фестиваль-байқауы өтті.
Алматы, NEGE. Қалалық білім беру бөлімінің мәлімдеуінше, байқауға Тараз, Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтау, Жезқазған және Павлодар қалаларының жалпы білім беретін мектептерінің балалар мен жасөспірімдер орталықтарының шығармашылық ұжымдары қатысқан.
«Театр номинациясы бойынша Павлодар қаласының № 35 ЖОМ «Айналайын» үйірмесінің мектеп театры бақ сынады. Павлодарлық жас театр құрамында 5-6 сыныптың 12 оқушысы бар. Олар Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына арналған «Жойылсын жалғыз сөз «соғыс» деген» әдеби-музыкалық композициясын ұсынды. Композиция сценарийін үйірме жетекшісі Сахыпжамал Оразкенова және бастауыш сынып мұғалімі құрастырды. «Байқау шарты бойынша жас әртістер 20 минут ішінде көрермендерге мектеп бітіру кешінен майданға аттанғаны, шайқас алаңында жолдастарын жоғалтатындығы туралы қойылым көрсетті, – деді білім беру бөлімінде.
Байқау қорытындысы бойынша павлодарлық театр қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, фестиваль-байқаудың гран-приін жеңіп алды.
Театр кубокпен марапатталып, барлық қатысушыларға диплом және медаль табысталды. Үйірме жетекшісі – алғыс хатпен марапатталды.