Павлодардан 1000 ұшақ ұшады
Павлодардағы әуежай өткен жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының иелігінен облыс әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілді. Бүгінде тиісті мекеме әуежай жұмысын жақсарту үшін тынбай жұмыс істеп жатыр.
Алматы, NEGE. «Павлодар әуежайы» АҚ мәліметінше, облыс әкімдігі тұрғындар үшін тың бастамалар дайындап жатыр. Өзге өңірлерге жылдам, қолайлы әрі қауіпсіз жету басты міндетке айналады. Сондай-ақ, жақын күндерде жаңа бағыттар ашылмақ.
Тағы бір айта кетерлігі 2019 жылы әуежай халықаралық мәртебеге ие болды. Енді ұшақ жолаушыларына қызмет көрсету сапасын арттыру үшін түркиялық инвесторлар тартылмақ.
Павлодар әуежайы 1973 жылы ашылған. Аумағы 235 гектар.
Қазір әуежайдың қуаттылығын арттыру үшін күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Қазіргі таңда сағатына 200-ден астам жолаушы қабылдайды, жылына 1 мыңға жуық ұшақ ұшады.
Ал өткен жыл қорытындысы бойынша әуежай арқылы 200 мыңнан астам жолаушы тасымалданып, 300 мың тоннадан астам жүк пен пошта жеткізілген.
Жалпы, әуежайдан ұшақтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Мәскеу, Новосібір, Беларустің Минск қалалары мен Түркияға ұшуда.
Алдағы уақытта еліміздегі әуе компанияларының келісімімен жолаушылар сұранысына ие жаңа бағыттар ашылмақ.