Павлодарда Аграрлық несие корпорациясы филиалының басшысы 25 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді

Павлодар облысында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалының басшысы Ардақ Таңжарық пен Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқаны мәлім болды.

magnific.com

Астана, NEGE. Hronika.kz басылымының хабарлауынша, Таңжарық корпорациядан несие алған азаматтардың бірінен 25 млн теңге алды деген күдікке ілінген.

Болжам бойынша, бұл қылмыстық әрекетке Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 1-жедел басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі де қатысқан.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 24 қараша күні сағат 23:00 шамасында Павлодар қаласында Экономикалық тергеп-тексеру департамент қызметкерін ұстаған.

Бұл факт бойынша ҰҚК Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы – аса ірі мөлшердегі алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.