7 сентября 2022 г. 15:10

Павлодар облысында әкімдер азаматтардың көшпелі қабылдауын жүргізуде

Фото:

Павлодар облысының қалалары мен аудандарында азаматтарды қабылдау шағын аудандардың аулаларында, алыс ауылдардың көшелерінде, клубтарында және басқа да адамдар көп шоғырланған орындарда өткізіледі. Әкімдер мен бөлім басшылары тұрғындармен кездесіп, оларды толғандырған сауалдарға жауап береді және өтініштерді қабылдайды. 

Павлодар, NEGE. Көшпелі қабылдау туралы бастаманы аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов тұрғындар жергілікті атқарушы органдармен коммуникация құруда кейбір проблемалар бар екенін айтқан Павлодардың маңындағы ауылдар мен шағын аудандарға жасаған кезекті «құпия сапары» кезінде ұсынды. Атап өту керек, облыс әкімі ескертусіз және жанына ешкімді ертпей аудандарды аралау тәжірибесін енгізіп, олар «құпия сапарлар» деген атқа ие болды.  

Көшпелі қабылдаулар пилоттық жоба ретінде Павлодар қаласынан басталды.  

«Қала басшылығы бес ауылдық округтердің және шағын аудандардың тұрғындарымен кездесіп, 6,14 өтініш қабылдады. Олардың басым көпшілігі бойынша түсіндіру қажет болса, 50-ге жуық өтінішпен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір көшпелі қабылдаулар тәжірибесі облыстың басқа қалалары мен аудандарында енгізілді», - деп хабарлады Әбілқайыр Сқақов мәслихат депутаттарының алдындағы есебінде.

Есеп облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды. Атап айтқанда, жыл басынан бері өңірде 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, тағы 53 жоба енгізіліп жатыр. Тартылған инвестициялардың көлемі 2021 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда  7,5 процентке артты. Облыс ел көлемінде өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспорт бойынша екінші орынды сақтап қалды.

«Құрметті депутаттар, облысымыздың экономикалық жағдайы тұрақты бақылауда. Біз түрлі туындаған қатерлерге жедел әрекет етуге және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға барлық күшімізді жұмсап, Президент Жолдауында айтылған құрылымдық экономикалық өзгерістерге тікелей қатысуға дайынбыз», - деді Әбілқайыр Сқақов. 

Ол Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында ерекше көңіл бөлген қоғамдық құндылықтарды дамыту және әлеуметтік осал топтарды қолдауға да ерекше тоқталды. Атап айтқанда, биыл Павлодар облысында тағы 18 ауылдың тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылып, 392 километр жолдар салынады және жөнделеді, оның ішінде облыс орталығының 52 көшесінде асфальт жабыны төселеді.

Өңірде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр – арнайы мекемелер жөнделіп, олардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік бастамалардың қатарында мектептердегі ыстық тамақпен қамтуды қаржыландыруды екі есе ұлғайту, облыс қалаларында барлық мектеп оқушыларының қоғамдық көлікте тегін жүруін ұйымдастыру, жұмыссыз және білімсіз жастар үшін өзекті мамандықтар орталықтарын ашу бар. Осылайша, өңірдегі NEET жастарының қатары 6 процентке азайтылды.

Көшпелі қабылдау кестесін осы нөмірлер бойынша нақтылауға болады.

Тегтер: