Павлодар әуежайына академик Қаныш Сәтбаевтың есімі берілуі мүмкін
2024 жылы қазақ халқының ұлы перзенті, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы кеңінен аталып өтеді. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мерейтойын атап өту бастамасын қолдаймыз. Бұл ретте 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне сәйкес, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу шаралары 2024 жылға жоспарланып отыр. Мерейтойды ұйымдастыруға және өткізуге жауапты орындаушы - Ғылым және жоғары білім министрлігі», - дейді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, министрлік жалпы республикалық іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту мәселесін пысықтауда.
«Сіздер ұсынып отырған іс-шаралар заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық және жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, аталған жоспарды әзірлеу кезінде қаралады», - деді Әлихан Смайылов.