23 октября 2022 г. 12:47

Павлодар ауданында жасөспірім Заанен тұқымды ешкі сүтінен ірімшік шығаруда

Фото:
Павлодар ауданы Мичурино ауылының 14 жастағы тұрғыны Тимур Рүстемов  асыл тұқымды ешкілерді өсіруді қолға алған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.



Павлодар, NEGE. Ол  осыдан екі жыл бұрын ешкі өсіру туралы ой пайда болғанын айтады. Бұл кәсіп жайлы ата-анасымен ақылдасып, әкесімен бірге Петропавлдан жеті бас асыл тұқымды ешкі әкелген. Ал жуырда  өз ісін әрі қарай дамыту үшін өтеусіз гранттар байқауына қатысып,  жеңімпаз атанды. Жобаны іске асыру үшін 5 млн теңге ұтып алды.
 

- Бұл сала Қазақстанда дұрыс дамымаған, - дейді Тимур Рүстемов. – Қазіргі таңда аллергия, ас қорыту жүйесіндегі түрлі ауруларға шалдыққандар жиі кездеседі. Ешкі сүті әртүрлі ауруларға ем екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. 

Бүгінде отбасы 7 ешкі  мен бір теке өсіріп отыр.  Оның төртеуі - сауынды.  Сонымен қатар  ешкінің лақтары да бар. 

 Грантқа алған қаражат сүт өңдеудің толық циклін іске қосатын контейнер модулін сатып алуға жұмсағысы келеді. Бұл құрылғы сүзу, пастерлеу, ірімшік, сүзбе және йогурт өндірісін жасауды жеңілдетеді. 
Жасөспірімнің әкесі Жаслан Рүстемов облыста бұл жоба бірегей екенін айтады. 
 

-  Бастапқыда ұлымның туған күніне құлын сыйлаған едік. Кейін ісімізді әрі қарай дамыту ойымен  «Жас тұлпар» кемпинг орталығын аштық. Өз аумағымызда адамдарды, балаларды серуендетумен айналысамыз. Сол базада ешкі  өсіріп отырмыз. Мүмкін болашақта сиырлар да болады, - деді Жаслан Рүстемов.


 Ешкілер күніне екі рет сауылады. Орташа алғанда, 3-4 литр сүт береді. Кейде  5-6 литрге жетеді. 
 

- Біз ешкілердің заанен тұқымын таңдадық, өйткені оның пайдасы көп және жағымсыз иісі болмайды, - дейді жас фермер. - Ешкілер өте сезімтал, жақсы күтімді қажет етеді. Профилактикалық егулер жасап,  дәрумендер беру керек және массаж жасау қажет.    

Жасөспірім азықтандыру, ұстау, өндіру  технологиясын интернеттен зерттеген. Ешкілерді мектеп алдында және кешке сауады. Мектептен келгеннен кейін қырға жайылымға шығарады. 

Отбасы келесі жылы  ешкі санын 50-ге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Сондай -ақ модульді сатып алғаннан кейін өздерінің брендтері мен қаптамаларын шығармақ.

Тегтер: