Павлодар облысында көлдер мен су қорғау аймақтарын жекеменшікке заңсыз бермек болған

Павлодар облысы Ақтоғай аудандық прокуратурасы аумағында су объектілері мен су қорғау аймақтары орналасқан жер учаскелерін заңсыз беру әрекеті тоқтатылғанын хабарлады. Жекеменшікке заңсыз берілмек болған су нысандарының жалпы аумағы 60 гектардан асқан.

pixabay.com

Астана, NEGE. Қадағалаушы орган мәліметінше, тұщы және тұзды көлдер, сондай-ақ тұз өндіруге пайдаланылатын су айдындары орналасқан үш жер учаскесі конкурсқа шығарылған. Алайда конкурс құжаттамасын әзірлеу кезінде мемлекеттік орган Су кодексінің міндетті талаптарын сақтамаған, яғни арнайы рәсімдер өткізілмеген және қажетті келісімдер алынбаған.

Нәтижесінде мүдделі тұлғаларға тек жер учаскелерін ғана емес, мемлекет қорғауындағы су ресурстарын қоса беру әрекеті жасалған.

«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз конкурс нәтижелерінің күші жойылып, анықталған заң бұзушылықтар түзетілді. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік мүдделер қорғалды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.