Павлодар облысында кәріз құдығындағы алты адамның өлімі: үш күдікті ұсталды
Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы «Aqtogai Milk» кәсіпорны аумағындағы кәріз құдығында алты адамның қаза болуына байланысты күдіктілер ұсталды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті хабарлады.
«Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.
Полиция өкілдері қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Еске салсақ, шілденің аяғында Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында алты адам ауылдағы кәріз құдығына орнатылған электр сорғысының ақауын жою кезінде көз жұмды. Тағы бір адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Бірнеше адам қаза тапқан «Aqtogai Milk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьевке қатысы бар болып шықты. Ресми деректерде кәсіпорынның құрылтайшысы әрі басшысы ретінде Инна Терентьева көрсетілген. Александр Терентьев сол кезде кәсіпорын тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеген болатын.