Павлодар облысында Алтын Орда дәуірінен қалған көне темір өндірісі анықталды

Павлодар облысы Баянауыл ауданында ортағасырлық көшпенділердің темір өндіргенін айғақтайтын археологиялық іздер табылды. Жапонияда жүргізілген зертханалық талдау олжалардың ортағасырлық кезеңге жататынын көрсеткен, деп хабарлады Kazinform агенттігі. 

Торайғыров унивеситеті

Астана, NEGE. Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Илья Мерцтің айтуынша, ғалымдар Сарыарқаның солтүстік-шығысындағы көне қорымдарды жан-жақты зерттегенімен, ортағасырлық көшпенділердің тұрмысы мен өндірістік кәсібі туралы мәлімет әлі де аз.

«Дала қоғамының өмірін толық түсіну үшін билеушілер мен қалалық орталықтардың тарихын зерттеу жеткіліксіз. Көшпенділердің күнделікті тұрмысы, еңбек құралдарын жасауы, шикізатты пайдалануы да тарихи зерттеудің маңызды бөлігі», – деді ғалым.

Ғалымдар темір қожының құрамында сақталған ағаш көмірінің қалдықтарына радиокөміртектік талдау жүргізді.

Темір қожы – металл балқыту кезінде пайда болатын қалдық. Ғалымдар оның құрамын зерттеп, ертеде қандай шикізат пайдаланылғанын және темірдің қалай балқытылғанын анықтамақ.

Баянауыл ауданынан табылған бұл олжа Алтын Орда дәуіріндегі көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі мен кәсібін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Алдағы зерттеулер Сарыарқада орта ғасырларда темір өндірісінің қалай дамығанын анықтауға көмектесуі мүмкін.