Павлодар облысы Жоламан ауылында кәріз құдығында алты адам қаза тапты
Желіде Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында алты адам қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Облыстық полиция департаменті ақпаратты растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Telegram-дағы kerek.pv арнасының хабарлауынша, қайғылы жағдай «Aqtogai Milk» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған. Алты адам ауылдағы кәріз құдығына орнатылған электр сорғысындағы ақауды жою кезінде көз жұмған. Тағы бір адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
«Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген полиция хабарламасында.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1988 жылы туған ер адам орташа ауырлықтағы көмірқышқыл газымен улану диагнозымен Ақтоғай аудандық ауруханасына жатқызылған. Қазіргі уақытта оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр.