Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстары келесі жылға шегерілді
«ҚазМұнайГаз» компаниясы Павлодар мұнай-химия зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстарының 2027 жылға ауыстырылғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Күзде сұраныс артатындықтан, мұнай өнімдерін ішкі нарыққа үздіксіз жеткізу және жергілікті деңгейде жанармай тапшылығының алдын алу мақсатында өндірісті тоқтатпау ұйғарылған.
Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» өкілдері Шымкент мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуге тоқтамай, үздіксіз жұмыс істейтін үш жылдық жөндеуаралық циклге көшкенін еске салып өтті. Павлодар мұнай-химия және Атырау мұнай өңдеу зауыттарында кеңейтілген жөндеуаралық кезеңге көшу жұмыстары қолға алынған.
Бұған қоса, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін және Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайтудың жобалық құжаттамасы әзірленіп жатқаны мәлім болды.