Павлодар маңында Ми-8 тікұшағы апатты жағдайда қонды

Павлодар облысы аумағында «Қазавиақұтқаруға» тиесілі Ми-8 АМТ тікұшағы апатты жағдайда қонған.

t.me/kabyltayev

Астана, NEGE. Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 24 маусым күні Павлодар қаласына жақын орналасқан Заря ауылының маңында болған. 

Тікұшақ іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатында ұшып шыққан, бортында 5 экипаж мүшесі және 8 жолаушы болған.

Ведомствоның мәліметінше, қаза тапқандар жоқ, ал зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Сондай-ақ оқиғаның себептері мен мән-жайларын Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті анықтап жатқаны хабарланды.

«Бұл авиациялық оқиға адам шығыны жоқ апат ретінде жіктелді. Қазіргі уақытта департамент қызметкерлері нақты деректерді жинау мақсатында тергеудің далалық кезеңін жүргізу жұмыстарын бастады», – делінген хабарламада.

Желіде тараған ақпарат бойынша, сол күні Ертіс өзенінің жайылмасында құтқарушылар, полиция қызметкерлері және еріктілер 23 маусымда жоғалып кеткен 71 жастағы тұрғынды іздестірген. 24 маусым күні зейнеткерді еріктілердің бірі тауып алған.