18 июля 2025 г. 19:15

Пациенттің соққысынан зардап шеккен Қостанай ауруханасының дәрігері Астанаға жеткізілді

Фото: gov.kz

Қабылдау бөлмесінде пациенттің шабуылынан зардап шеккен Қостанай облыстық ауруханасының дәрігері бүгін республикалық деңгейдегі мамандарды тарта отырып, медициналық көмек көрсету үшін саниавиация бортымен Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді.

Алматы, NEGE. Урология бөлімшесінің хирургі Антон Кистанов күрделі операция аяқталғаннан кейін науқастарды қабылдауды жалғастыру үшін аурухананың қабылдау бөлмесіне түседі. Бөлімшедегі пациенттің бірі шабуыл жасап, дәрігерді соққыға жыққан, нәтижесінде дәрігер есінен танып қалады.

Дәрігер реанимацияға келесі диагноздармен емдеуге жатқызылды: мидың ауыр дәрежедегі соғылуы, миға жіті қан құйылу, бас сүйегінің жабық сынуы.

Мамандардың консилиумының қорытындысы бойынша зардап шегушіні Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына тасымалдау туралы шешім қабылданды, онда ол одан әрі ем алады.

«Медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының жиілеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойы полиция прсттарын тездетіп қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады бүгін әлеуметтік желіде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Ол қыркүйек айында Парламентке медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті күшейту туралы заңнамалық өзгерістер енгізілетінін еске салды.

Жұмыс орындарында дәрігерлердің қауіпсіздігін күшейту үшін медициналық мекемелерді бейнебақылаумен, күзетпен, дабыл түймелерімен, жедел жәрдем бригадаларын – бейнежетондармен жарақтандыру жоспарлануда.