Пәтер тонағандар ұсталды

Алматы облысында пәтерден құны 5 миллион теңгеге бағаланатын зергерлік бұйбұйымдарды ұрлады деген күдікпен гастарбайтерлер ұсталды.

Алматы,  NEGE.  Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 тамыз күні сағат 19:00-де Талғар аудандық ішкі істер бөліміне Тұздыбастау ауылының 31 жастағы тұрғыны арызданған. Ол терезені сығымдап ашу арқылы құны 5 млн теңгеге бағаланған зергерлік бұйымдары ұрланғанын жеткізген.

Аталған факті ҚР ҚК-сі 188-бабының 3-бөлігі бойынша тіркеліп, полицейлер оқиға орнына шықты.

«Бірінші күмән көрші үйде жөндеу жұмыстарын жүргізген Өзбекстан азаматтарына түсті. Бұл адамдар қылмыс жасағаннан кейін бірден жасырынған.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласындағы ломбардтардың бірінен ұрланған заттардың басым бөлігі табылды. Зергерлік бұйымдарды тапсырушылардың келбеті іздестіріліп жатқан гастарбайтерлердің белгілерімен сәйкес келді», – деді Талғар АІІБ бастығының орынбасары Андрей Бурянский.

Тәртіп сақшыларының суреттеулері бойынша іздестіру нәтижесінде Алматы қаласының Көк базар ауданында 2 күдікті ұсталып, кейін қылмыстарын мойындаған. Ұрланған зергерлік бұйымдардың көп бөлігі заңды иесіне қайтарылды.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалғандарына қатысты іздеу жалғасуда.