Партиялар сайлаушыларға қандай уәде берді

Jibek Joly телеарнасында Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің теледебаты аяқталды.

Jibek Joly

Астана, NEGE. Төртінші, қорытынды кезең «Уәде» деп аталды. Онда партия өкілдері сайлаушыларға үндеу жасап, Құрылтайға өткен жағдайда алдағы бес жылда қай бағыттарға басымдық беретінін айтты.

Әр партияға екі минут уақыт берілді.

«Ақ жол» шағын және орта бизнесті қолдауға, жемқорлық пен қымбатшылықпен күресуге, халықтың табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ партия жастар үшін баспананы қолжетімді етуді көздейді.

ЖСДП әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділет орнату және заң алдында бәрінің тең болуы мәселелеріне тоқталды.

«Әділет» партиясы лауазымы мен мәртебесіне қарамастан, заң алдында бәрі тең болуы және заң бұзған адам міндетті түрде жауапқа тартылуы керектігін айтты.

Қазақстан Халық партиясы сот жүйесінің сапасын арттыруды, оған жасанды интеллектіні енгізуді, әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін қайта қарауды, полиция жұмысын реформалауды басты бағыттардың қатарына қосты.

«Ауыл» партиясы ауылдар мен инфрақұрылымды дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік саясатқа, білім мен ғылымға, дәстүрлі отбасы құндылықтарын қолдауға басымдық беретінін жеткізді.

«Байтақ» сөз бостандығын қорғау, қоршаған ортаны сақтау, табиғатты ластаған кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейту, халықтың табысын арттыру және ең төменгі жалақыны 300 долларға дейін көтеру мәселелерін көтерді.

Ал Respublica бизнеске қысым көрсетуге тосқауыл қою, экономикалық ұстанымдарға сүйену және халықтың тұрмысын жақсартатын нақты шешімдерге негізделген саяси бәсекені дамыту қажеттігін айтты.

Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызда өтеді. Қазақстандықтар бес жылға 145 депутатты сайлайды.