Партиялар неге бір-біріне шүйлікті?

Құрылтай сайлауы қарсаңындағы партиялық съездер бұл жолы құрғақ баяндамалармен ғана емес, уытты риторикасымен есте қалды. Саяси ұйымдар электораттың назары үшін ашық шайқасқа көшіп, оппоненттерінің идеологиясы мен бағдарламаларын аяусыз сынға алды.

ЖИ иллюстрациясы

Астана, NEGE. «Риторикалық шабуылдың» көшін бастаған Respublica партиясы төрағасының орынбасары Олжас Құспеков кейбір экс-депутаттарды «ақалтекеге ұқсағысы келетін декоративті пониге» теңеді. «Ақ жол» партиясы да қалыс қалмай, бәсекелестерін «блогерлер жиналған топ» деп айыптап, қарымта жауап қайтарды. Өз кезегінде «Ауыл» партиясы социал-демократиялық бағытты желеу еткендердің қызметіне күмән келтірсе, ҚХП-ның экс-төрағасы Ермұхамет Ертісбаев барлық саяси күштің атауынан бастап бағдарламасына дейін шүйлігіп шықты. Көптен бері төбе көрсетпей кеткен ЖСДП өкілі Тазабек Самбетбай да дәстүрлі риторикасына басып, саяси ұйымдарды тек өз кәсіптерінің мүддесін ғана қорғайтын «саудагерлер мен көпестер» басқармауы тиіс деп мәлімдеді.

Осыған дейінгі сайлау науқандарында да партиялардың өзара айтыс-тартысына куә болдық. Бірақ мандат бұйырған соң, кешегі ымырасыз депутаттардың Парламент қабырғасында барлық өкпе-ренішті ұмытып, заңдарды бір ауыздан мақұлдап жататынын да жиі байқадық. Сайлау алдындағы бұл принципшілдік ертең Құрылтай қабырғасында сақтала ма? Бұл – шынайы жария саясаттың жандануы ма, әлде кезекті сайлауалды «шоу» ма? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын белгілі саясаттанушы Шыңғыс ЕРГӨБЕКТЕН сұрадық.

Фото: из открытых источников

Саяси полемика қайта оралды ма?

Қоғам арасында партиялардың саяси полемикаларына деген сенімі төмен екені жасырын емес, тіпті партиялар арасындағы текетірес саяси шоу ретінде көрінеді. Саясаттанушының есептеуінше, саяси арена әлі жоғары бәсекелестікке негізделмегендіктен, елде саяси пікірталас институты жоғары деңгейде қалыптасты деп айтуға әлі ерте. Алайда «декоративті пони» сынды мәлімдемелер – прогресстің көрсеткіші.

«Саяси мәдениетті қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі – плюрализм мен саяси пікірталастың болуы. Егер плюрализм мен саяси пікірсайыс болмаса, саяси мәдениет те жоғары деңгейге көтеріле алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі күні партиялардың бір-бірін «блогерлердің партиясы», «ақалтеке», «декоративті пони» деп атауы бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бір қадам алға жылжу деп ойлаймын», – деді Шыңғыс Ергөбек.

Саясаттанушының пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында саяси жүйеде жалпы партиялық бәсекелестіктің дамуына жағдай жасалды деп айту қиын. Сол себепті қазір бір саяси күшті қолдайтын партиялардың өкілдері халық алдында полемика туғызып, өздерін артық көрсетуге, оппоненттерінің әлсіз тұстарын әшкерелеуге тырысып жатыр. Бұл – саяси аренаның біртіндеп бәсекелі науқанға айналып келе жатқанының көрсеткіші.

Жеке басқа шабуыл – саяси мәдениеттің белгісі ме?

Кез келген демократиялық қоғамда өтетін сайлау процесінде бәсекелес науқаншылардың бір-бірін айыптауы – объективті құбылыс. Дегенмен Құрылтайдан дәмелі партиялардың «пони» мен «көпестер» секілді сыни айыптары бағдарламалық немесе идеологиялық деңгейде емес, көбіне тұлғалық деңгейде өрбігендей. Алайда саясаттанушы жеке басқа қатысты шабуылдардың болуы саяси мәдениеттің төмендігін білдірмейтінін жеткізді. 

«Негізі адам жария саясатқа келгенде немесе жария өмірге араласқанда жеке басына қатысты сынның болатынына дайын болуы керек. Себебі сіздің бағдарламаңыз қаншалықты мықты болса, соншалықты сіздің жеке басыңызға, партияңыздың әлсіз тұстарына немесе идеологиялық ұстанымдарыңызға қатысты сын көбейе бастайды. Қалай болғанда да, әлемде саяси оппоненттердің бір-бірінің жеке басына қатысты сын айтуы – кең қолданылатын әдістердің бірі», – деді сарапшы.

Сонымен қатар саясаттанушы қатаң сыни полемика мәселесінде этика мәселесі мен идеал заңдылықтарға сүйенудің қажеті жоқ екенін айтады.

«Саясаттағы этика мәселесіне де белгілі бір дәрежеде сақтықпен қарау керек. Әрине, жоғары этикалық ұстанымдағы саясаткерлер бар. Бірақ саясат әрдайым этикалық нормаларды толық сақтайтын қоғамдық институт деп айту қиын. Оның өзінің ережелері мен заңдылықтары бар. Алайда барлық саясаткер міндетті түрде саяси этиканы сақтауы тиіс деген қағида жоқ», – деді сарапшы.

Агрессивті риториканың астарында не жатыр?

«Соғыста барлық тәсіл жақсы» демекші, агрессивті сыни риторикаға бірден көшуі тағы бір заңды сауал тудырады – партиялардың бұл әрекетіне қоғамдағы протестік көңіл-күйдің артуы мен олардың өз электоратын жоғалтып алудан қорыққан «саяси үрейі» себеп болған жоқ па?

Сарапшы Шыңғыс Ергөбектің сөзінше, бұл – қоғамдағы электоралдық бәсекенің артуымен байланысты құбылыс. Партиялар өз электоратын жоғалтпаудан бөлек, бәсекелестерінің электоратын өз жағына тартуға мүдделі болып отыр.

«Партиялардың соңғы уақытта агрессивті риторикаға көшуінің себебі қоғамдағы электоралдық бәсекенің артуымен байланысты. Бұл жердегі басты мақсат – өз электоратын жоғалтпау ғана емес, қарсыласының сайлаушысын өз жағына тарту. Өйткені бүгінгі партиялардың басым бөлігі Президенттің айналасына топтасқан. Сондықтан олардың арасында түбегейлі идеологиялық антагонизм жоқ. Сол себепті күрес көбіне жеке тұлғалар деңгейінде жүреді», – деді ол.

Құрылтайдағы шынайы сынақ

Десе де, сайлаушының көкейіндегі басты сұрақ әлі де жауапсыз қалып отыр. Сайлау қарсаңында бір-бірін аяусыз сынаған партиялар Құрылтайға өткен соң шынымен де дәл осындай принципшілдігін сақтай ма? Әлде заң жобаларын талқылау кезінде қайтадан ортақ ұстанымға келіп, бұрынғыдай үнсіз келісімге көше ме?

Саясаттанушы Шыңғыс Ергөбек мұның басты себебі партиялар арасындағы идеологиялық айырмашылықтың айқын болмауында деп есептейді.

«Сайлауалды науқанда мұндай риториканың болуы – заңдылық. Егер мұндай риторика кең қанат жайып, Құрылтай қабырғасында да жалғасса, бұл бәсекелес партиялардың қалыптасып келе жатқанының белгісі болар еді. Алайда мазмұндық тұрғысынан қарасақ, саяси партиялардың арасындағы айырмашылық соншалықты үлкен емес. Қанша дегенмен, олардың басым бөлігі – Президенттің маңына топтасқан саяси күштер. Сондықтан олар өзара саяси риторика туғызуға тырысқанымен, бұл, ең алдымен, бәсекелестікке деген ұмтылыстың көрінісі», – деді саясаттанушы.


Сайлау қарсаңында бір-бірін «декоративті пони», «блогерлер партиясы», «саудагерлер» деп айыптап жүрген саяси күштер ертең заң жобалары қаралған кезде қайтадан бірауыздан дауыс беретін болса, онда қазіргі тартыстың басым бөлігі сайлауалды технология болып қала беретіні анық. Ал егер дәл осы принципшілдік заң шығару процесінде де сақталып, партиялар бағдарламалық әрі идеологиялық ұстанымдары үшін ашық пікірталасқа түссе, онда Қазақстанда шынайы парламенттік мәдениет пен саяси бәсекелестіктің жаңа кезеңі басталды деуге негіз бар. Қалай болғанда да, бәсекенің шынайы деңгейі съезд мінберінде емес, Құрылтай қабырғасында көрінбек.