Парламент педофилдерді өмір бойы түрмеде отырғызатын заң қабылдады
Бейсенбі күні Сенаттың пленарлық отырысында екі оқылымнан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке құқықтардың қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Жалпы, бұл заңнамада 5 кодекс пен 15 заңнамалық актіге өзгертулер мен толықтырулар енгізу талқыланды. Атап айтсақ, зорлау, сексуалды тұрпатта зорлық әрекеттерін жасау, жасөспірімдерді азғыру, балалар мен жасөспірімдерді жеткіншектердің қатысуымен порнографиялық өнім жасауға итермелей секілді қылмыстық жауапкершіліктерге 17 жылдан 20 жылға дейін, жасөспірімдер зардап шеккен жағдайда орта есеппен 20 жыл және өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қылмыстық ауыртпалықты аса күшейтпейтін зорлау әрекеттері ауыр қылмыс санатына жатқызылып, оған 5-тен 8 жылға дейінгі жазаны тағайындау және тараптардың өзара мәмілеге келуін болдырмау шарасы да нақтыланды. Бұдан өзге, аталмыш құжат мал ұрлығы үшін ауыр жаза - 12 жылға бас бостандығынан айыру үкімін кесуге мүмкіндік беретін жаңа баппен толықты.
Көпшілік орында және интернет арқылы есірткі таратушыларға 10 жылдан 15 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тарту да қарастырылып отыр.
Мемлекеттік органның инспекторына немесе жануарлар дүниесін қорғайтын мамандандырылған ұйымның инспекторларының өміріне қол сұғушылыққа келер болсақ, олар бұдан былайғы жерде құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, арнайы мемлекеттік органдардың және әскери қызметкерлермен теңестіріліп, олардың өміріне қауіп төндірген жағдайда 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, дүние-мүлкін тәркілеу, қастандық жасалған жағдайда, қылмыскерге барынша ауыр жаза ұсынып, келтірген қауіп-қатер деңгейіне орай 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру ұсынылған.
Заңсыз аңшылық жасаған жағдайда, келтірілген шығын деңгейіне қарай 10 жылға дейін бас бостандығынан айырып, жазалайтын болады.
Ал, мас күйде көлік жүргізгендерге алғашқысында 7 жылға дейін жүргізушілік құқығынан айырып, 15 күнге қамауға, қайталанған жағдайда өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы кесіледі. Мас күйде көлік жүргізіп азаматтардың денсаулығына нұқсан келтіретін жол-көлік оқиғасын (ЖКО) жасаса, қылмыскерді 3 жылға дейін, егер кісі шығыны болса, онда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.