29 декабря 2025 г. 9:56

Парламент Құрылыс кодексін қабылдады

Фото: freepik.com

29 желтоқсанда Мәжілістің осы жылғы соңғы жалпы отырысы өтті. Отырыс барысында мәжілісмендер Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің Сенат ұсынған жаңа редакциясымен келісті. 

Астана, NEGE. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұрат Әбенов бұл заң жобасы парламентте екі жылға жуық қаралғанын, ол негізінен азаматтардың сұранысына бағытталғанын айтты.

«Биылғы жыл бойынша айтар болсақ, ең маңызды заңнаманың бірі. Себебі бүкіл қоғамға қатысы бар. Бұл заң жан-жақты талқыланды. Ең басты мақсат – азаматтардың құқығын қорғау, қауіпсіздік, өз-өзін дамыту, қаланың ыңғайлы болу мәселесі. Депутаттар қоғаммен ақылдасып, сапаға мән беруді қолға алды. Нормалардың барлығын Сенатқа жібердік, Сенат қарады, талқылап, біраз мәселені ақылдастық. Негізгі заң бойынша 27, қосымша заң бойынша 2 ұсыныс берді. Негізінен бұл ұсыныстардың барлығын нақтылау және жақсарту деп қараймыз», – деп атап өтті ол. 

Депутаттың айтуынша, заң жобасындағы нормалар жоспарлау мен сапаны бақылаудың цифрлық жүйелерін енгізу, құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту, құрылыс салушылар мен мердігерлер туралы деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ал жосықсыз құрылыс салушылар тізілімін енгізу жарты жылға кейінге қалдырылған.

Отырысқа қатысқан 83 депутаттың 78-і қолдап дауыс берді. Құжатты парламент қабылдады деп есептеліп, қол қою үшін президентке жолданды.