Парақорлық туралы ақпаратты бөліскені үшін сотталған: депутат блогерге қолдау білдірді

Сәуір айының басында Түркістан облысында СЭС басшысына қатысты телеарна таратқан ақпаратты бөлісіп, жазба жариялағаны үшін қоғам белсендісі Бекболат Қаржан жала жабу бабымен жиырма тәулікке қамауға алынды. Осы мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты Абзал Құспан тиісті мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдайтынын мәлімдеді.

Мәжілістің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Депутат «егер азаматтар алғашқы дереккөзге сілтеме жасап, өз тарапынан ештеңе қоспай ақпарат таратса, онда оның әрекетін жала жабу деп бағалау өте күмәнді» екенін айтады. Оның жазуынша, Бекболат Қаржан дереккөз ретінде Turkistan TV арнасының ресми материалы, тәртіптік кеңес отырысы, антикор жүргізген іс-шаралар, соның ішінде жасырын бейнежазбалар айтылып отыр.

«Егер мұның бәрі шындыққа сәйкес келмейтін, ойдан шығарылған дүние болса, жігіттердің өз обалы өзіне! Ал егер бұл фактілер рас болса, онда құқық қолдану тәжірибесіне және антикордың процестік шешімдеріне қатысты менде сұрақтар туындайды», – деп жазды депутат Facebook желісіндегі жеке парақшасына.

Айта кетейік, Turkistan TV телеарнасында «Конвертпен ақша алған» деген атаумен жарияланған сюжетте Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиялық қадағалау департаментінің басшысының кабинетіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі камера орнатқаны айтылған. Онда бас санитарға қол астындағы қызметкерлер мен басқа да лауазымды тұлғалар конвертпен ақша ұсынғаны түсіп қалған. Сондай-ақ сюжетте антикор қызметкерінің пара сомасы және оны кім бергені туралы баяндамасы келтірілген.

Осы ақпаратқа сілтеме жасап, қоғаммен бөліскен Бекболат Қаржан, Тоқтар Жақаш, Сәбит Рысбаев сияқты азаматтарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабы 2-бөлігімен (жала жабу) іс қозғалып, Бекболат Қаржан 20 тәулікке қамалды.

Қазір оқып жатыр

Ресей Қазақстанның Германияға тасымалданатын мұнай экспортын тоқтатуы мүмкін

«Шетелдіктер қарумен ұсталды»: полиция депутаттың мәлімдемесін теріске шығарды

Чернобыль ликвидаторларының жәрдемақысы өспейді: Министр кесіп жауап берді

Алматы жұрты Мұхтар Шахановпен қоштасты