Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері 100 жасқа толды
Бүгін Алматыда тұратын әйгілі Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Жонқабаев 100 жасқа толды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Майдангерді Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері арнайы барып, құттықтап құрмет көрсетті. Үрмелі аспаптар оркестрі болса, соғыс жылдарындағы әндерді орындап берді. Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1941 жылы Панфилов дивизиясының 23-гвардиялық полкіне алынып, пулеметші болған. Беларусь, Польшаны, Эстонияны азат етуге қатысқан. Қарт жауынгер Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болғанын да құрметпен еске алады. Ол майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ғасыр жасаған абыз қария өзін құттықтап келгендерге ақ батасын берді.