Пәкістанда перзентханада өрт шығып, 15 сәби көз жұмды
Қайғылы оқиға 26 тамыз күні таңертең Пәкістанның Исламабад қаласындағы мемлекеттік Pakistan Institute of Medical Sciences (PIMS) ауруханасында болды.
Астана, NEGE. Geo News телеарнасының хабарлауынша, өрт кезінде палатада 16 сәби болған. Олардың тек біреуі аман қалып, қалған 15 сәби қаза тапқан.
БАҚ мәліметінше, құтқарушылар палатаға кіріп, адамдарды эвакуациялау үшін терезелерді сындыруға мәжбүр болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт кондиционер компрессорының жарылуынан кейін шыққан. Алайда қайғылы оқиғаның нақты себебі әлі анықталған жоқ. Оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылды.
Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф қаза тапқан балалардың отбасыларына көңіл айтып, оқиғаны дереу тергеуді тапсырды. Ол жағдайдың барлық мән-жайын анықтап, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етті.