Пәкістан Газаға 100 тонна азық-түлік жөнелтті

Пәкістан Газа секторына 100 тонна гуманитарлық жүк жіберді. Бұл қадам БҰҰ қолдайтын бақылау ұйымы Газадағы аштықты ресми растағаннан кейін қабылданғанын Анадолы агенттігі хабарлады.

© AP Photo / Mohammed Asad

Алматы, NEGE. Пәкістанның Төтенше жағдайларды басқару ұлттық агенттігінің (NDMA) мәліметінше, премьер-министр Шахбаз Шарифтің тапсырмасымен ұн, дайын тағамдар, май, тосап пен жемістер тиелген көмек Лахордан жөнелтілді.

Бұл – Пәкістаннан Газаға жолданған 19-шы көмек партиясы. Осы уақытқа дейін жеткізілген гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 1915 тоннаға жеткен.

Қазіргі таңда Газа секторы Израильдің шабуылдары мен қатаң қоршауы салдарынан ауыр гуманитарлық дағдарысты бастан кешіруде. Азық-түлік, су, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар жетіспей жатыр. Әсіресе балалар арасында аштықтан көз жұму деректері көбейген.

Бақылау ұйымының 15 тамызда жариялаған есебінде Газа аймағындағы аштық деңгейі ең жоғарғы – 5-ші «катастрофалық» деңгейге жеткені айтылды. Құжатта «22 айға созылған қақтығыстардан кейін жарты миллионнан астам адам аштық пен жоқшылықта өмір сүріп жатыр» делінген.