«Шәмшінің әндерін қатты жақсы көремін» – Қырғыздың әуесқой әншісі Эльдияр Усубакунов

Әлеуметтік желі ел мен жерді, тіпті адамдарды да жақындастырып жіберді. Соның бірі – Қырғызстандағы әуесқой әнші Эльдияр Усубакунов. Тумысынан екі қолы жоқ, бірақ табиғи талантты, бала кезінен еңбекқор азамат бүгінде жанды дауыста ән шырқап, талайдың жүрегіне жол таба білді. 

Фото: Э.Усубакынов

NEGE тілшісі қырғыз еліне ғана емес, қазақ тыңдармандарының да ықыласына бөленген әншімен әңгімелесіп, сыр ақтарысты.

– Эльдияр, жұрт сіздің өнеріңізге әлеуметтік желі арқылы қанық. Қашаннан бері ән саласыз? Өзіңізді кеңірек таныстырып өтсеңіз...

– 1987 жылы Қырғызстанның Ыстықкөл облысында туып-өстім. Қазір Шу облысы Жайыл ауданына қарасты Қара-Балта қаласында тұрамын. Отбасылымын, төрт балам бар. Өзім бала кезден ән айтамын. Мен 1 жас 7 айда ғана тәй-тәй басып жүріппін. Бірақ бір жасымда сөйлеп кетіппін. Сол кездің өзінде жырларды жаттап алып, ән айтқан екенмін. Мұның бәрін ес білгенде апам айтып берді. Кейін өнерімді мектептің кештерінде көрсететін болдым. Қандай жақсы ән бар, соның сөзін жаттап алуға асығатынмын.

– Бірақ кәсіби әнші атану үшін білім алуға құлшынбадыңыз ба, әлде мүмкіндік болмады ма?

– Жоқ, еш жерде оқымадым. Мүмкіндік те болмады. Әке-шешем ауылда тұрды. Мал бақты. Отбасымызда екі қыз, бір ұл болғандықтан шаруашылыққа қарайластым. Әкемнің бір жағына шығысып, жәрдем еттім. Қазір ара өсіріп, бал жинаумен айналысамын. Осылайша, жас кезде кәсіби әнші болатындай арнайы білім алу жайын ойға да алмаппын. Егер әке-шешем бала кезден бұл қырымды танып, арнайы мектепке берсе, бәлкім өнер жолында жүрер ме едім, кім білсін?! Бірақ ол үшін ешкімді кінәламаймын. Шүкір, қазір де талантым жерде қалып жатқан жоқ. Өз жұмысыммен қатар алып жүруге тырысамын.

– Сіздің танылуыңызға әлеуметтік желінің ықпалы көп тиді ме?

– Бір жыл бұрын Тик-Ток әлеуметтік желісіне тіркелген едім. Сол арқылы көптің ықыласына бөленіп, тез танылдым. Бұл да қазіргі адамдарға берілген бір мүмкіндік. Жұрт әлемнің басқа бұрышындағы таланттарды біліп жатады. Әйтпесе, менің әншілігім ауылдан әрі аспайтын еді ғой. Бүгінде көршілес жатқан мемлекеттер де танып, хат жазып, ризашылығын білдіреді.

Жалпы, өзім желіде көп отыруға уақытым бола бермейді. Аса құмар да емеспін. Сосын келіншегім «Инстаграм желісінен де парақша ашайық. Мұнда да оқырман көп. Өз парақшаң болғаны дұрыс қой» деген соң, аштық. Екі-үш айда 15-16 мың жазылушы тіркелді. Қазір оқырманым жиырма мыңға жуықтады.