«Оземпик», «Мунджаро»: арықтататын препараттардың пайдасы мен қаупі қандай?
Әлеуметтік желіде «арықтататын укол», «пептидтік терапия» деген жарнама көбейді. «Оземпик», «Мунджаро» секілді препараттарды енді тек қант диабеті немесе семіздікті емдеу үшін емес, бірнеше келі тастау үшін қолданатындар да бар.
Астана, NEGE. Бірақ мұндай препараттар кімге қажет және оларды дәрігердің бақылауынсыз қолдану несімен қауіпті? Тілшіміз «Оземпикті» бірнеше ай қолданған алматылықтың тәжірибесін тыңдап, мамандардан мұндай препараттардың ағзаға әсерін сұрады.
«Алты-жеті ай Оземпик ектірдім»
Алматылық 29 жастағы Ақниет (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді - ред.) «Оземпикті» эндокринологтың тағайындауымен қолданған. Дәрігер оған майлы гепатоз бен инсулинге резистенттілік бар екенін айтып, салмақ тастау үшін пептидтік терапия ұсынған.
«Бірінші айда ісінумен бірге екі келі салмақ тастадым. Жалпы "Оземпикті" алты-жеті ай ектірдім. Бір түтігінің құны 75 мың теңге болды. Бірақ препаратты қолданған кезде инсулин көрсеткішім төмендеген жоқ, керісінше өсті, қандағы қант көрсеткіштері де нашарлады», – дейді Ақниет.
Уақыт өте оның жағдайы нашарлап, бір кезеңде су ішу мен тамақтанудың өзі қиындаған. Препаратты тоқтатқысы келгенде де, сөзінше, оны қалай дұрыс жасау керегі толық түсіндірілмеген.
Кейін Ақниет Алматыдағы басқа эндокринологтарға жүгінеді. Жаңа мамандар алдымен оның дене құрамын тексерген.
«Май мөлшері аз, ал ағзамда сұйықтық көп жиналғаны, ісіну бар екені анықталды. Яғни таразы көрсеткен артық салмақтың бәрі бірдей май емес екен. Кейін мені нефролог пен флебологқа жіберіп, бүйрек, қалқанша безі мен қан тамырларына байланысты ем басталды», – дейді ол.
Ақниет бұл препараттарды қажетсіз деп есептемейді. Оны алаңдататыны – медициналық препараттардың әлеуметтік желіде бірнеше келі тастаудың оңай тәсілі ретінде насихатталуы.
«Қазір “пептидтік терапия” деп жарнамалайтын клиникалар көп. Адам оның артында нақты қандай препарат тұрғанын түсінбеуі де мүмкін. Бұл жай ғана “арықтататын укол” емес. Адам өзіне нақты не егілетінін, оның ағзаға қалай әсер ететінін және қандай қаупі барын білуі керек», – дейді Ақниет.
Мунджаро Қазақстанда тіркелмеген
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы Жәнібек Бексұлтановтың айтуынша, Мунджаро Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтпеген.
«"Мунджаро" Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген, сондықтан оның сапасы мен қауіпсіздігіне ешқандай кепіл жоқ. Ал "Оземпик" тек екінші типтегі қант диабетін емдеуге арналған және дәрігердің рецептімен ғана беріледі. Сондықтан оларды арықтау мақсатында дәрігердің бақылауынсыз қолдану денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін», – деді Жәнібек Бексұлтанов.
Эндокринолог: 3–5 келі тастау үшін мұндай препараттарды қолдану ұсынылмайды
Дәрігер-эндокринолог, пептидтік терапия маманы Динара Болатқалиқызының айтуынша, қант диабеті жоқ адамдарға да мұндай препараттар кей жағдайда тағайындалуы мүмкін. Мәселен, семіздік диагнозы қойылса немесе артық салмақпен бірге денсаулыққа қауіп төндіретін қосымша мәселелер анықталса, препараттарды қолдану ұсынылуы мүмкін.
«Егер адамда қант диабеті болмаса да, семіздік диагнозы қойылса, бұл препарат көрсетілімсіз қолданылып жатыр деген сөз емес. Семіздік – созылмалы әрі қайталануы мүмкін ауру. Оны емдеу дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, тамақтану тәртібін түзету және қажет болған жағдайда дәрі-дәрмек терапиясын қамтиды. "Семаглутид" немесе "тирзепатид" секілді препараттар дене салмағының индексі белгілі бір деңгейден жоғары және артық салмақпен байланысты қосымша аурулары бар адамдарға тағайындалуы мүмкін. Мұндай жағдайда мақсат – бірнеше келі тастау ғана емес, денсаулыққа төнетін қауіптерді азайтып, қол жеткізген нәтижені сақтау», – дейді маман.
Ал салмағы қалыпты немесе қалыптыға жақын адамның тек сыртқы келбеті үшін бірнеше келі тастауы – мүлде басқа жағдай.
«Препарат тәбетті төмендетіп, салмақ азайтуы мүмкін. Бірақ ол ағзаға бәрібір әсер етеді: асқазан жұмысын баяулатып, тоқтық сезімін береді. Жүрек айну, құсу, іш қату, диарея, іштің ауыруы, ағзаның сусыздануы және өт қабына қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Тамақтануды қатты шектеген жағдайда адам маймен бірге бұлшықет массасын да жоғалтады. Ақуыз бен дәрумендер тапшылығы пайда болып, жалпы әлсіздік байқалуы мүмкін. Сондықтан мұндай препараттарды 3-5 келі тастау үшін қысқа мерзімді косметикалық курс ретінде қолдану ұсынылмайды», – дейді Динара Болатқалиқызы.
Дәрігер бақылауынсыз қолдану несімен қауіпті?
Маманның айтуынша, препаратты өз бетінше қолданғанда қауіп артады. Әсіресе дозаны дұрыс таңдамау немесе оны тым жылдам көбейту жанама әсерлерді күшейтуі мүмкін.
«Адам бірден үлкен дозадан бастауы, оны тым жылдам көбейтуі немесе тамақтануға қатысты ұсыныстарды сақтамауы мүмкін. Ал салмақты барынша тез тастауға тырысу қауіпсіз емес. Күрт арықтау ағзаның сусыздануына, ақуыз бен басқа да қоректік заттардың тапшылығына, бұлшықет массасының азаюына, шаш түсуіне және өт қабында тас түзілуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан препарат дозасын өз бетінше көбейтуге де, тамақтануды толықтай дерлік тоқтатуға да болмайды», – дейді эндокринолог.
Препаратты бастамас бұрын адамның салмағы мен қант диабетінің бар-жоғын ғана емес, жалпы денсаулық жағдайын бағалау қажет.
«Асқазан-ішек жолы аурулары, гастропарез, өт қабының аурулары, бұрын болған панкреатит, бүйрек пен бауыр аурулары, тамақтану тәртібінің бұзылыстары, сондай-ақ жүктілік немесе оны жоспарлау ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұндай жағдайда дозаны баяуырақ арттыру қажет болуы немесе препарат науқасқа мүлде сәйкес келмеуі мүмкін», – деді спикеріміз.
Препаратты тоқтатса, салмақ қайта қосыла ма?
Эндокринологтың айтуынша, препаратты тоқтатқаннан кейін тәуелділік пайда болмайды. Алайда тәбет қайта күшейіп, салмақ қосуға әсер ететін табиғи механизмдер қайта іске қосылады. Сондықтан тастаған салмақтың бір бөлігі қайтуы мүмкін.
Мысалы, STEP 1 зерттеуінде семаглутидті тоқтатқан адамдар бір жылдан кейін бұған дейін тастаған салмағының шамамен үштен екісін қайта қосқан.
«Бұл әр адам міндетті түрде бастапқы салмағына оралады деген сөз емес. Бірақ зерттеулер препараттар семіздікті бақылауға көмектесетінін, ал оларды тоқтатқаннан кейін бұл әсер біртіндеп әлсірейтінін көрсетеді. Нәтижеге тамақтану, дене белсенділігі, бұлшықет массасын сақтау, ұйқы және басқа да факторлар әсер етеді. Сондықтан мұндай препараттарды бірнеше айға арналған қысқа курс ретінде қарастыруға болмайды. Нәтижені әрі қарай қалай ұстап тұру керегін ем басталғанға дейін дәрігермен талқылаған дұрыс», – дейді Динара Болатқалиқызы.
Маман тағы бір қауіпке – әлеуметтік желілер мен белгісіз сатушылар арқылы алынатын препараттарға назар аударады.
«Мұндай жағдайда препараттың құрамына, дозасына немесе дұрыс сақталғанына сенімді бола алмаймыз. Ол жалған болуы, дұрыс сақталмауы немесе құрамында көрсетілген белсенді зат мүлде болмауы мүмкін. Сондықтан мұндай дәрілерді тек заңды түрде, лицензиясы бар дәріханадан және дәрігердің тағайындауымен алу керек», – дейді эндокринолог.
Динара Болатқалиқызының айтуынша, бұл препараттарды «ғажайып дәрі» деп те, «қауіпті у» деп те қабылдау дұрыс емес. Медициналық көрсетілімі бар науқасқа дұрыс тағайындалса, олар семіздікті емдеудің тиімді тәсілдерінің бірі болуы мүмкін. Бірақ ем дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек.